Бозкілемдегі белдесу

892

0

«Евразия» спорт кешенінде қазақ күресінен құқық қорғау мамандары арасында «Күштік құрылымдар барысы» өтті.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына 30 жыл толу мерекесі аясында өткен іс-шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, қала әкімі Асылбек Шәменов, Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ералиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев құттықтау сөз сөйлеп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа 7 команда, 8 түйе палуан қатысты. 66, 74, 82, 90 және 100 келі салмақ дәрежесінде ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті,  облыстық сот, облыстық полиция департаменті, ҚР ҰҚК Шекара қызметі облыстық департаменті, облыстық мамандандырылған күзет қызметі  басқармасы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Ұлттық ұлан» №5547 әскери бөлімінің құрама командалары бақ сынады. Боз кілемдегі бәсекеге ұлттық дәрежедегі төреші Ғалым Ержанов төрелік етті.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық сайыста облыстық полиция департаментінің құрама командасы І орынды қанжығасына байлады. Ал ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті ІІ орын иеленсе, ҚР ҰҚК Шекара қызметі облыстық департаментінің құрама командасы ІІІ орынға табан тіреді.

Сонымен қоса, кештің ұйытқысы болған түйе палуандар сайысында ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Ғалымжан Әбдірахманов І орын иеленіп, «Күштік құрылымдар барысы – 2022» атағын жеңіп алды. Бозкілемдегі тартысты бәсекеде облыстық полиция департаментінен «Дзюдо» және «Самбо» спорт түрлерінен спорт шебері Ержан Абдуллаев ІІ орын алса, «Ұлттық ұлан» №5547 әскери бөлімінен күрес спорт түрлерінен спорт шебері Арнат Ысмайл ІІІ орынды қанағат тұтты.

Осылайша, жеңімпаздар «Алтын белбеу», «Күміс белбеу» және «Қола белбеулерін» тақты. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сыйлық, арнайы диплом мен медаль табысталды.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<