Дала үнімен сарындас дана мұңы

699

0

Карантин кезінде Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрының  қойылымдарын онлайн түрінде көріп, тамашалап жүрдік.  Әрине, олардың бәрі сахнадан көргендей әсер қалдырмайтыны шын.

Театр жақында өзінің 66-мау­сы­мын ашты.

Жаңа маусымның сахна шы­мылдығы Ерсайын Төлеубай­дың «Абай» трагедиясымен түрілді. 

Ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған қойылым өз көрерменінің сана түкпіріне сәуле түсіріп, жан әлемін жарықтандырды.

Хакім Абайдың ұлғайған шағындағы мұң мен шері әркімнің-ақ көңілін күңірентердей трагедияға толы. Алдымен туған бауырынан, сонан соң бауыр еті – балаларынан айырылу ет пен сүйектен тұратын пенде үшін қаншалықты ауыр екенін басына түскен адамнан артық білетін ешкім болмас, сірә. Көп ішінде өзін жалғыз сезінген Абай қайғыға қоса ауыр ойдан қайысады. Туған халқының тағдырына күйзелген тұлғаға байлық та, жайлы тұрмыс та жан сауға болмайды. Ақырында сүйікті ұлы Мағауияның қазасынан соң қырық күн өткізіп, өзі де ақыретке аттанып кете барады.

Сонымен бірге, қойылымнан ақын тағдыры ғана емес, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ өмірі де өрнек тапқан. Шешендердің сөз саптауы мен билердің іс-әрекеті, орыс отаршылдарының ел ішіндегі әсері көрініс береді. Осы оқиғалар үстінде біз Абай азабын ашып берген режиссердің шешімі мен артистердің шеберлігін анық байқағандай болдық. Бас­ты рөлді ойнаған театр артисі, «Серпер» сыйлығының лауреа­ты Бақытбек Темірбеков Абай бейнесін сенімді сомдады.

Карантин талаптарын сақ­тай келген көрермен қарасы қалың болмаса да, сахнагерлерін сағынып қалғанын қошеметтерімен сездіріп отыр­ды.

Жаңа маусымнан біз осындай ой түйдік. Театрдың алдағы уақытта «Ғашықтар хикаясы», «Жүз жылдық махаббат», «Ақымақ болған басым-ай» және «Сыған серенадасы» секілді поэтикалық драмаларды сахналайтынын да біліп қайттық.

Театр ұжымына көңілі тол­ған қауым қойылым соңында сахнагерлерге гүл сыйлап, ла­йықты қошемет танытты.

Қонысбек МӘЛІК,

облыстық халық шығармашылығын

дамыту орталығының

бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<