Департамент басшысы тағайындалды

324

0

Сейсенбіде  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Оған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов келді. Жиынға сонымен қатар құқық қорғау органдары басшылары мен облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.

Отырыста облыс әкімі осы кезге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  облыс бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арнайы департаменті басшысының орынбасары лауазымына тағайындалған Рустам Ақмырзаевтың нәтижелі еңбегін атап өтті.

Ұлан Сарқұлов  облыс бойынша департаменттің жаңа басшысы қызметіне тағайындалған Серікжан Қуанышбекұлы Мырзалыны  таныстырды.

Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, бірлесіп нәтижелі жұмыс атқаратынына сенім білдірді.

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде біздің басты қағидамыз ашықтық пен әділеттілік екенін ел Президенті үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай күресу, бұл – жел диірменмен алысумен тең» деп қоғамдағы басты кеселмен күрес жүргізуде ашықтық қағидатын басты ұстаным етуді нақты тапсырды. Серікжан Қуанышбекұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, мемлекеттің басты міндеті – жемқорлықпен ымырасыз күресу арқылы қоғамда қылмыстық жағдайды жоюға, заң үстемдігін орнатуға мүдделік танытады деп сенім білдіреміз. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын берік орнатуға ықпал етіп, ұлттық жобалар аясындағы халықтың тұрмысы мен экономикалық әлеуетін жақсартуға бағытталған бюджет қаражатының мақсатты жоспарланып, әділетті түрде жұмсалуына табанды еңбек етесіз деп ойлаймыз. Қазіргі таңда облыс әкімдігі департаментпен бірлесіп, тәуекелдерді басқаруға арнайы құрал ретінде жобалық басқару жүйесін іске асыруда. Ішкі талдауларға сүйене келе, алдағы міндеттерді мүлтіксіз атқаруда сіздермен тізе қосып, ортақ игілікке қызмет етеміз деп сенемін. Жауапты да күрделі қызметіңізге абырой тілеймін, – деді Н.Нәлібаев.

Актив отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев Серікжан Қуанышбекұлына  қызметте абырой тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Серікжан Мырзалы 1979 жылы Семей облысында дүниеге келген.

Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы ішкі істер органдарында бастаған.  1999-2002 жылдары ішкі істер органдарында абыройлы еңбек етті.

2002-2012 жылдары прокуратура органдарында қызмет атқарған.

Ал 2012-2016 жылдары қаржы полициясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында басшылық лауазымдарда жоғары деңгейде жұмыс істеді.

Серікжан Қуанышбекұлы 2016- 2022 жылдары ҚР Бас Прокурорының көмекшісі, басқарма бастығы, Өскемен қаласының прокуроры лауазымдарында лайықты деңгейде қызмет атқарды.

2022 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы қызметінде болды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<