Дүбірлі дода жақындай түсті

745

0

Фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады. «Ақпанның 4-5 күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжің қаласына жұмыс сапарымен барады. Сонымен қатар сапар барысында Қазақстан Президенті мен Қытай Төрағасы екіжақты келіссөз жүргізеді деп жоспарланған» делінген хабарламада.

Дүбірлі доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған тұғыр экологиялық таза және өңделген материалдардан жасалған. Аталған қысқы ойынның негізгі түсі – аспан көк түс. Онда қар мен мұз да үйлесім тапқан. Марапаттау рәсіміне арналған костюмдер «Бақытты қар мен бұлт», «Ұлы пейзаж» және «Таң династиясындағы қар ұшқыны» секілді үш түрге бөлінеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арналған бойтұмарлар да эксклюзивті түрде дайындалды. Олар негізгі бойтұмарлар  – Бинг Двен Двен мен Шуи Рон Рон үлгісінде жасалған. Оларды қарағайдан дайындалған гүлдесте, бамбук пен қара өрік әрлендіре түсті.

Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлдегерлеріне табысталатын гүл экологиялық режимде дайындалады. Олимпиада жүлдегерлеріне тоқылған гүл беріледі. Кашемир гүл шоқтары нағыз букеттің кейпін сақтаған. Гүл шоғына гүлдің алты түрі – раушан, қытай раушаны, ландыш, гортензия, лавр және зәйтүн ағашы енді.

Құраманы не күтіп тұр?

Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионаты мәресіне жақындап келеді. Кеше түнде Қазақстан құрамасы ширек финалда Украинамен шеберлік байқасты. Бұл ойынның нәтижесі жөнінде алдағы нөмірде хабарлайтын боламыз.

Айта кетсек, В тобында сынға түскен Қазақстан құрамасы 7 ұпаймен бірінші орын алды. Алғашқы ойында Словения­мен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, ұлттық құрамамыз бұған дейін Еуропа чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте сынға түсті. 2016 жылы 3, 2018 жылы 4-орын алды.

Айта кетсек, турнир Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында 19 қаңтар және 6 ақпан күндері өткізіледі.

Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания 7, Италия 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<