Дүние дүрмек

284

0

Фото: ашық дереккөз

Соңғы король қайтыс болды

Грекияның бұрынғы және соңғы королі II Константин 82 жасында өмірден озды. Бұрынғы монарх инсульт алған кезде Афинадағы үйінде болған. Оған жеті күн аурухананың жансақтау бөлімінде көмек көрсетілді. Жанында әйелі Анна-Мария, балалары және басқа да туыстары болды.

II Константин 1964 жылдан 1973 жылға дейін референдумда монархия жойылғанға дейін билік етті. 1974 жылы грек азаматтарының 70 процентке жуығы монархияға қарсы дауыс бергеннен кейін отставкаға кетті. Өмірінің соңғы жылдары бұрынғы монарх Пелопоннес пен Афинада өмір сүрді.

Зейнетақы реформасына қарсы

Elabe жүргізген зерттеуге сәйкес, Франция халқының 60%-дан астамы президент Эммануэль Макронның 2030 жылға қарай зейнет жасын 64-ке дейін ұлғайтатын реформасына қарсы. Халықтың көпшілігі ел кәсіподақтары өткізуді жоспарлап отырған наразылық акцияларын қолдайды.

Сауалнама көрсеткендей, француздардың 46%-ы заң жобасына наразылық білдіруге дайын, ал 60%-ы наразылық білдіру идеясын қолдайды. Бұл пікір әсіресе, зейнет жасына дейінгі тұрғындар арасында айқын байқалады. Осылайша, 54-60 жас аралығындағылардың 68%-ы наразылық акциясын мақұлдайды.

Ұлыбритания мен Жапония келісімге қол қояды

Ұлыбритания мен Жапония бір ғасырдан астам уақытта алғаш рет ірі қорғаныс ынтымақтастығы келісіміне қол қояды. Құжатқа қол қою Лондонда Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак пен Жапония премьер-министрі Фумио Кишида арасында өтеді. Келісім екі елге бір-бірінің аумағында әскер орналастыруға мүмкіндік береді.

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунактың кеңсесі хабарлағандай, келісім сондай-ақ тараптарға ірі әрі күрделі әскери жаттығулар өткізуге мүмкіндік береді. «Бұл Ұлыбританияның Үнді-Тынық мұхиты аймағында қауіпсіздікті сақтаудағы рөлін күшейтеді» делінген мәлімдемеде.

АҚШ конгресі Байденді тексеруді бастады

АҚШ конгресінің өкілдер палатасының бақылау комитеті президент Джо Байденге қарсы процесті бастады. ABC хабарлауынша, комитет Байденнің вице-президент болған кезінде құпия құжаттармен жұмыс ережелерін қаншалықты сақтағанын тексеруде.

Бұған дейін Байденнің Вашингтондағы сараптама орталығындағы кеңсесінде құпия құжаттардың табылғаны хабарланған. Материалдарды оның сенімді адамдары 2022 жылдың қарашасында өткен аралық сайлау алдында тауып алған.

Айта кетсек, былтыр Ақ үйден шығарылған құпия материалдардың сақталуы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың Мар-а-Лагодағы мүлкін тінтуге және оны қылмыстық қудалаумен қорқытуға себеп болған.

Әзірлеген

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<