Дүние дүрмек

357

0

Электронды темекіге тыйым салады

Франция жақын арада бір реттік электронды темекіге тыйым салады. Бұл жайлы ҚазАқпарат Le Monde басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Франция премьер-министрі Элизабет Борн RTL радиосынан сөз сөйлеп, елде бір реттік вейпке тыйым салу жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Оның пікірінше, электронды темекі жастарды зиян әдетке үйір етеді. Борн елдегі шылым шегумен күрес жөніндегі ұлттық жоспар аясында енгізілетін бұл шектеу қашан күшіне енетінін нақтылаған жоқ. Ол Франция үкіметі жақында темекімен күресуге арналған жаңа жоспар ұсынатынын мәлімдеді.

Борнның айтуынша, елде шылым шегу салдарынан жылына 75 000 адам қайтыс болады. Бұл жоспарда жастарды жаман әдетке бейім қылатын бір реттік вейптерге тыйым салынбақ.

Белгісіз ұшатын нысандарды зерттейді

NASA басшылығында белгісіз ұшатын нысандарды зерттейтін жаңа арнайы директор лауазымы енгізілді. Бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап ҚазАқпарат жазды. 

Басылымның хабарлауынша, NASA-дағы жаңа лауазымды бұған дейін белгісіз ұшатын нысандар, беймәлім аномалды құбылыстардың видеолары мен басқа да деректерді зерттейтін тәуелсіз сарапшылардан тұратын комиссияға көмектесіп келген адам атқарады.

NASA осы тәуелсіз сарапшылар жұмысының қорытынды есебін жариялады. Бір жыл ішінде тәуелсіз сарапшылар видеоға түсірілген беймәлім құбылыстарды мұқият зерттеп, олардың өзге ғаламшардан екенін дәлелдейтін нақты деректер таппаған. Алайда мамандар бұл нысандар өзге ғаламшардан емес деген біржақты қорытынды шығаруға да асықпайды.

«Ол нақты не екенін біз әлі білмейміз. Кейбір белгісіз ұшатын нысандар мұқият зерттеген кезде әуе шары болып шықты. Басқалары – атмосфералық құбылыстар. Бізге жұмбақ күйінде қалатын құбылыстар да бар» деді NASA әкімшісі Билл Нельсон.

Нельсон бөгде ғаламшарларда тіршілік, тіпті өркениет бар екеніне өз басы еш күмән келтірмейтінін де мәлім етті.

Адам нанғысыз сомаға сатылды

Диана ханшайымның қойдың суреті бар жемпірі Нью-Йорктегі Sotheby’s аукционында адам нанғысыз сомаға –  1,14 млн долларға сатылды, деп хабарлайды BBC-ге сілтеме жасаған ҚазАқпарат.

Сауда-саттық 31 тамызда ашылып, аукционның соңғы минуттарына дейін жемпірге ең жоғары баға 200 000 долларға да жетпеді.

Sotheby’s лоттың құнын 50-80 мың аралығында бағалады. Аукцион соңында 1 млн доллардан астам ақша төлеген кім екені жарияланбады.

Бұған дейін Диананың Ford Escort автокөлігі аукционға қойылып, 2022 жылы 806 000 долларға сатылған еді.

Диана жиі тағатын Аталланың аметиспен безендірілген крестін қаңтардағы аукционда Ким Кардашьян шамамен 203 мың долларға сатып алды. Осы жолы сатылған жемпір Диананың король отбасындағы орнын білдіретіндігімен ерекше. Бұған дейін Диана ханшайымның атақты қызыл ала жемпірі Sotheby’s Icons of Style аукционына қойылған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<