Дүние дүрмек

508

0

Ауа райы құбылып тұр

Жалпы әлемде ауа райы құбылып тұр. АҚШ-тың солтүстігінде құйын соқты. Торнадо Германия тұрғындарын да әбігерге салды.

Сондай-ақ Құрама Штаттардың батысында қар жауды. Ал Бразилияның солтүстік-батысында алапат су тасқыны болды. Германияның батысында 3 бірдей торнадо соқты. Торнадо АҚШ-тың Мичиган штатында 2 кісінің өмірін қиды.

Испанияда керісінше күн ысыды. Температура 40 градусқа көтерілді. Ұлттық метеорологиялық агенттік ел астанасы Мадридте ыстық ауа райы әдепкі нормадан 16 градусқа асқанын айтады. Билік аптаптан кейін алапат өрт басталуы мүмкін деп дабыл қақты.

Бразилияда тұтас ауылдар су астында қалды. Мал да қырылып, егістіктерді су шайып кетті. Барынан айырылған шаруаларда есеп жоқ. 29 әкімшілік аумақта төтенше жағдай жарияланды. Қырғызстан асуларында қар жауып жатыр, жол тайғақ. Жүргізушілерге автокөлікке қысқы резина кигізу ескертілуде.

Жаңа бұйрық

«Талибан» билігі тележүргізуші әйелдерде эфирге бетін жауып шығуға бұйрық берді.

Мұны елдің Айып және ізгілік министрлігінің баспасөз хатшысы Акиф Махаджар мәлімдеді. Оның сөзінше, әйелдер бұрынғы тәртіппен телеэфирге 20 мамырда соңғы рет шығуы керек. Ведомство атынан айтылған мәлімдемеде бұйрық «түпкілікті және келісілмейтіні» жазылған.

Жаңа талап 21 мамырдан бастап күшіне енді. Алайда бұл талапты орындамаған жағдайда салдары қандай болатыны белгісіз. Артынша желіде ауған тележүргізуші әйелдердің суреті тарады.  Ер тележүргізушілер әйел әріптестерін қолдау акциясын бастап, маска киіп эфирге шықты. Бұған дейін телеарна жүргізушілерінің бірі Хатира Ахмади бетпердемен дұрыс сөйлей алмайтынын айтқан болатын.

Жерден басқа планета жарамды ма?

Қытайдың астрономдар тобы CHESS (Closeby Habitable Exoplanet Survey) жобасы аясында ғарышта өмір сүруге болатын планеталар іздеу үшін оптикалық телескоп ұшыруға ниетті.

Жобаға сәйкес, айна диаметрі 1,2 метр болатын оптикалық телескоп Ланграждың екінші нүктесіне (L2) жақын гало-орбитаға шығарылады және бес жыл ішінде күн тәрізді 100 жұлдызды зерттейді. Есептеулер бойынша, күн тәрізді жұлдыздардың айналасында өмір сүретін аймақта орналасқан ғарыш объектілері айналады.

Нәтижесінде Қытай зерттеушілері Жер сияқты және өмір сүруге жарамды 50-ге жуық планета ашуы мүмкін. Алайда, олардың көпшілігі жерден жүздеген жыл қашықта орналасқан. Қытай Ғылым академиясының профессоры Цжи Цзяньхуаның айтуынша, бүгінгі таңда расталған экзопланеталардың саны 5 мыңнан асты, олардың 50-ге жуығы Жерге ұқсас. «Өмір сүруге жарамды әлемдердің ашылуы адамзат үшін үлкен жетістік болады және болашақта біздің өмір сүру кеңістігімізді кеңейтеді», – деп келтіреді «Синьхуа» агенттігі ғалымның сөзін.

Ең қымбат Mercedes

Sotheby’s аукционында Mercedes Benz 300 SLR Uhlenhaut Coupé жеке коллекционерге 142 миллион долларға сатылды.

Sotheby’s үйінің мәліметі бойынша, бұл – аукциондар тарихындағы ең қымбат көлік. Mercedes Benz-тің алдыңғы рекорды 95 миллион доллар болды. Mercedes-Benz 300 SLR Uhlenhaut Coupé «әлемдегі ең әдемі автокөлік» ретінде белгілі.

Ол жасаушысы, жарыс автомобильдерінің әйгілі инженері Рудольф Уленхоуттың атымен аталған. Мұндай көліктің тек екі данасы бар. Рекордтық сомаға сатылған көлік 1955 жылы жасалған.

Бұл аукционда сатылған ең құнды заттардың ондығына кіреді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<