Дүние дүрмек

290

0

Рақымшылық жасалды

Биылғы Рамазан айы шын мәнінде кешірім айы болды. Ораза айт қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Жазасын өтеп жатқан, істеген ісіне өкінетін және өмірін өзгертуге бет алған адамдар тобына рақымшылық жасау» жарлығына қол қойды. Мұның алдында «Қадір түні» мерекесіне орай Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов 356 тұтқынға рақымшылық жасаған еді.

Өзбекстан басшысы 426 адамды рақымшылыққа іліктіріп, жарлықты орындау шеңберінде жауапты ведомстволарға рақымшылық алған адамдарды отбасына қайтару, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және жұмысқа орналастыру жөнінде тапсырмалар берді.

Ал С.Бердімұхамедов таяуда абақтыдан шығатын азаматтарға адал еңбек етіп, елдегі жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге атсалысып, мемлекетке адал қызмет етіп, еңбегінің жемісін көруді тіледі.

Жаңа банкноттар

Ұлыбритания банкноттарында бірінші рет монарх суреті ауысты. ІІІ Чарлз өзі бейнеленген  алғашқы банкноттарды сыйға алды.

Жаңа ақша маусым айында айналымға шығады. Букингем сарайында Англия банкінің басшысы Эндрю Бэйли мен бас кассир Сара Джон корольге өзі бейнеленген 00001 нөмірлі алғашқы банкноттарды тапсырды.

Жаңа монархтың суреті 5,10, 20 және 50 фунттық банкноттарда бедерленген. Бұл ақшалар бұрынғы ІІ Елизавета бейнеленген купюралармен бірге қолданыла береді.    

Мұздықтар еріп жатыр

Австриядағы мұздықтар 45 жылда еріп, жойылып кетуі мүмкін.  Альпі клубы ғалымдары осылай деп болжам жасап, дабыл қағып жатыр.

Зерттеушілер ғасырдың соңына дейін әлемдегі мұздықтардың тең жартысының еріп кету қаупі бар дейді. Кейінгі екі жылда Альпідегі мұздықтардың еруінен жер көрініп қалған.  Клуб мүшелері қазірден бастап қардың мол қорын жинаса, тоңдардың еруін бәсеңдетіп, жағдайды тұрақтандырады деп тығырықтан шығар жол ұсынып отыр.

Мамандар болжамы да көңіл алаңдатарлық. «Парниктік газдың көптеп таралуы – келешекте жердегі ауа температурасын көтеріп, мұхиттардың суын жылытып, мұздықтардың еріп кетуіне әкелуі мүмкін. Былтыр осы құбылыстар қарқын алғаны қатты байқалды.  Жалпы қазір әлемде 200 мыңға жуық мұздық бар. Жаһандық жылынудан оның 68 пайызы ғасыр соңына дейін еріп кетуі мүмкін. Егер ауа температурасы қалыпты жағдайдан 3 градусқа дейін көтерілсе, жер шарындағы мұздықтардың 80 пайызы жойылады. Салдарынан теңіздер көтеріліп, әлемдегі көп аймақ су астында қалады» деді олар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<