Елу жылдан соң…

734

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорданың желі айтпаса да түсінікті. Сырт көзге аласапыран дауыл болып көрінетін табиғат құбылысына өзіміз үйренгенбіз. Бірақ «жарықтың жалп ете қалуына» мұның әсері жоқ емес. Әсіресе, күз бен қыс айларында «бар қауқарым осыған жетті» дегендей, біздегі электр бағандарының құлап, ондағы бойлай жалғанған сымның үзілуі жиілеп кеткені шындық еді.

Жақында ғана ауа райының қолайсыздығынан бұл жағдай тағы қайталанды. Облыс орталығының кейбір аумағы мен аудандардағы елді мекендерде жарық сөніп, толассыз жауған жаңбыр мен қар кесірінен көше біткен суға толды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен сала мамандары жедел әрекет етіп, көп ұзамай жарық жанды, көше де көлкіген судан тазартылды.

Артынша өңір басшысы шұғыл жиналыс өткізді. Мереке күндері тұрғындарға қолайсыздық тудырып, ақауға жол берген жауапты сала басшыларының жұмысы сынға алынды. Кейбіріне қатаң сөгіс те жарияланған. Иә, жиында айтылғандай, электр желілерінің 70-85 пайызы ескірген. Осының салдарынан кемшілік орын алған. Оның үстіне трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңалау жұмыстарына көп қаржы қажет көрінеді. Алайда облыс әкімі жағдайды тіпті мұндай күйге жеткізбеу керектігін қатаң ескертті.

Жалпы, жарықтың жайына байланысты күрделі мәселелер бар. Бірақ, қозғалыс, бастама, Үкіметтік деңгейде мәміле барын да ұмытпаған жөн. Бір ғана мысал, қала іргесіндегі Сырдария ауданында 1974 жылдан бері ауыстырылмаған электр бағаналары мен желілері бар. Бұған трансформаторларды да қоссақ болады. Бүгінге дейін ауыстырылмаған желі мен электр тоғын тарататын трансформаторлар күз бен көктемгі жауын-шашын не қар еру кезінде жиі апаттық жағдайға ұшырап келді.

Бір қуаныштысы, елу жылдан бері ауыстырылмаған электр жүйелеріне биыл қаржы қаралған. Жел мен дауыл, қар мен жаңбырдан сан мәрте ажыраса да бүгінге дейін төзіп келген «Айдарлы», «Жетікөл», «Қоғалыкөл» және Аманкелді ауылындағы көнерген электр жүйесінің жайы енді жақсармақ. Айтпақшы, аталған елді мекендердегі трансформаторлар да сыр беріп тұр. Жарықтың жиі сөнуі де осыдан.

Былтыр Сырдария ауданының әкімдігі мен жауапты бөлім аталған 4 ауылдың электр жабдықтарын ауыстыру үшін барлығы 1,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім тапсырған еді. Бұл жоба облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен қолдау тауып, қажетті қаржысы бөлінуде. Енді біз айтып өткен елді мекендердегі электр бағаналары, ондағы сым, трансформаторлар түгелдей ауыспақ. Жұмыс биылғы жылдың сәуірінде басталатынға ұқсайды, өйткені, жауапты мердігер де белгілі болған. Аталған ауыстыру жұмыстарын «УниверсалСтройСервис» ЖШС жүргізетін болады.

Айтпақшы, «Шаған» ауылында да осындай ауыстыру жұмыстары өтуі мүмкін. Өйткені, ең үлкен елді мекендегі электр бағаналары мен ондағы сым көше бойымен емес, тұрғын үйлер мен қора-жайлар үстімен жүргізілген, яғни, талапқа сай емес.

–  «Шаған» ауылында 22 көше бар. Мұндағы электр желілері мен бағаналар 1961 жылы орнатылған. Соңғы рет 1983 жылы жөндеуден өтіпті. Содан бері жаңадан ауыстыру жұмыстары жүргізілмей, сондай-ақ трансформаторлардың тозуы салдарынан жарық жиі сөніп жүр. Екіншіден, бағаналардың басым көпшілігі ағаш бөренелерден тұрғызылған. Олардың да түптері шіріп, апаттық жағдайда тұр. Осыған сәйкес, «Мекен және К» толық серіктестігімен жоба әзірленіп, «КазПроектЭкспертиза» ЖШС-нан сараптамадан өтті. Оң қорытындысы алынды, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Сәбит Аймаханов.

Бүгінде аталған құрылыс жобасы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржыландыруға Ұлттық экономика министрлігіне өтінім жолданып, биыл қаржысын бөлу жоспарлануда.

Жалпы ауданда тозығы жеткен электр жүйесін жаңалау жұмыстары былтыр басталған еді. Жергілікті бюджеттен 10 трансформатор сатып алуға қаржы бөлініп, кент және ауылдық елді мекендерге орнатылыпты. Сондай-ақ, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрмыста өзекті болып табылатын электр жүйелерін жөндеу, жаңалау үшін «Тереңөзек» АЭТ және «Тасбөгет» АЭТ мекемелерімен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдарға арналған жоспар бекітілген. Осы бойынша тиісті жұмыстар басталыпты. Бүгінде А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин ауылы және Тереңөзек кентінің электр желілері мен трансформаторларын ауыстыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.

Мақала басында айтып кеткендей, біздегі электр жүйелерінің тозу деңгейі жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Ал оның деңгейін төмендету үшін 153 млрд теңге қажет екен. Бірақ мұның бір күнде шешілетін мәселе еместігін айтқан облыс әкімі жауапты сала басшыларына қолдағы бар ресурстарды пайдаланып, кез келген жағдайға дайын болу қажеттігін қатаң түрде ескертті.

Халықты электр жарығы және ауызсумен қамту – кезек күттірмейтін мәселе. Осыны қатаң ескерткен аймақ басшысы бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен арнайы комиссия құрып, ақау себептері мен жою жолдары бойынша шұғыл ұсыныс беруді тапсырды. Сондай-ақ комиссия құрамына білікті мамандар мен осы саладағы ардагерлерді де қамтуды тапсырды. Ендігі үміт – жауаптылардың облыс әкімі айтқан сыннан қорытынды шығаруында.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<