Ендігі бағыт – елді мекендерді газдандыру

724

0

Жаңақорған ауданында 2,3 млрд теңгеге әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Руслан Рүстемов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Ауданға қарасты Жаңарық елді мекенінде 250 оқушыға, Байкенжеде 150 оқушыға арналған мектеп құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, Бірлік елді мекенінде 90 орындық балабақша құрылысына облыс бюджетінен қаржы қаралған. Нысан алдағы жылы пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, Шалқия кенті мен Өзгент ауылында клуб құрылысы жүруде.

– Жаңақорған кентіндегі Саяжай-1 учаскесіне биыл аудандық бюджеттен 29,2 млн теңге қаржы бөлініп, егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жасалды. Алдағы жылдың бюджетінен жоба-сметалық құжаттарына қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл жоба аяқталғанда ауданда жер кезегінде тұрған 7 мыңға жуық тұрғынның мыңға жуығына жер учаскелері беріледі, – деді Р.Рүстемов.

Аудан әкімі өткен жолғы брифингте кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін жеке меншік және жалдау құқығымен табыстау үшін сауда-саттық жүргізуді автоматтандыру мәселесін көтерген болатын. Қазір жер учаскелерін аукцион арқылы сатудың алгоритмі жасалып біткен. Енді аудан көлемінде кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін аукционмен сату электронды сауда алаңы арқылы өткізіледі.

– Оның басты ерекшелігі – техникалық құрал-жабдықтар арқылы адамның тікелей немесе ішінара қатысуын шектейді. Бұл әкімдік жұмысының ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етеді. Әрі сыбайластық тәуекелдерінің алдын аламыз, – деді аудан әкімі.

Жер саласындағы бұл жаңашылдық облыста алғаш енгізіліп отырғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, ауданда автомобиль жолдарының сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Биыл 60,4 шақырым жолды орташа жөндеуге барлық деңгейдегі бюджеттерден 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде қанағаттанарлық деңгейдегі аудандық маңызы бар жолдар 87 процентке, елді мекендердегі көшелер 51 процентке жететін болады.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамытып, өнім өндіруді және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бағытында да жұмыстар жасалуда. Өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар 68,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс көлемінің азаю себебі – уран өндіру көлемінің 3 жыл қатарынан төмендеуінен. Тас, әктас өндірудің ұлғаюы арқасында көрсеткіш күрт төмендеген жоқ. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі өткен он айда 39 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, Жаңақорған кенті алғашқылардың бірі болып «көгілдір отынның» игілігін көруде. Ендігі мәселе – елді мекендерді газдандыру. Биыл аудандағы 12 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындап, сараптамадан өткізуге 108 млн теңге бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл басталып, желтоқсан айында Бірлік, Қыраш ауылдарын газдандыру басталмақ.

Қазір 35 елді мекеннің барлығы ауызсумен қамтылған. «Ақбұлақ» бағдарламасынан бастау алып «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалғасын тауып, құрылысы жүргізіліп жатқан «Сырдария» және «Талап» топтық су құбырлары арқылы Сырдарияның шығыс беткейіндегі 12 елді мекеннің 19 мың халқын және батыс беткейдегі 15 елді мекеннің 23 мың халқын таза ауызсумен қамту қарастырылған. Жұмыстар жоспар бойынша биыл толық аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу, сервистік желі тартуды аяқтауға Ұлттық қордан 214 млн 885 мың теңге бөлініп, бұл жұмыстар да биыл аяқталады деп күтілуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<