Ерасыл – Әлем чемпионы

1150

0

Мұхиттың арғы бетіндегі Мексиканың Леон қаласынан ақжолтай хабар келіп жетті. Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қызылордалық Ерасыл Сәулебеков 67 келі салмақта жеңіс тұғырына көтерілді. Ол қоссайыстың қорытындысымен 281 келіні бағындырды.

Ерасыл 2006 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ауыр атлетикамен 2013 жылдан бері тұрақты түрде айналысады. 2016-2021 жылдарда жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде бес мәрте алтын медаль иегері атанса, биыл ересектер арасында ел біріншілігінде күміс жүлде алды.

– Қармақшыда ауыр атлетика бөлімшесі алғаш рет 2009 жылы ашылған еді. Аудан орталығындағы №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тұсауын кескен бөлімшеге уақыт өте келушілер саны көбейді. Солардың қатарында Ерасыл да бар. Ол алғашқы күннен аталған спортқа үлкен қызығушылық білдірді. Көп ұзамай жоғары нәтижелерге қол созды. Ел біріншілігінде бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Енді, міне, дүниежүзілік додада тұңғыш мәрте бақ сынап отырса да, жанкүйер үмітін ақтады, – деді Ерасылдың жеке бапкері Айдар Ералиев.

Әлем чемпионатында екінші және үшінші орындар түркиялық Аладин Саин мен польшалық Бартош Бурскиге бұйырды.

Енді Ерасыл 15-25 шілдеде Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында жалауын көтеретін Азия чемпионатына қатысады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<