IІІ халықаралық «Тайманов оқулары»

1314

0

Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай «Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты III халықаралық «Тайманов оқулары» өтті.

Математикалық логика, топология және модельдер теориясы салаларындағы ірі ғалым, физика-математика  ғылымдарының докторы, профессор,  ҚазССР  Ғылым академиясының  академигі  Асан Дабысұлы Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған «Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты ІІІ Тайманов оқуларын университет базасында өткізу дәстүрге айналған.

Дереккөз: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова  ІІІ Тайманов оқуларының өткізілуі университет тарихындағы маңызды шара екенін, математика және жаратылыстану саласында  жаңа зерттеулерді  дамытуға  ықпал ететінін атап өтті.

Қорқыт ата университеті өзінің құрылуы мен дамуына үлес қосқан тұлғалар есімін әруақытта жадында сақтайды. Университет тарихында ғылым мен білімге қызмет еткен,  ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеуге лайықты үлес  қосқан профессор-оқытушылар мен педагогтардың аттары алты әріппен жазылған. Сондай саңлақ тұлғалардың бірегейі – танымал  ғалым-математик Асан Тайманов болатын. Ол 1947 жылдан 1954 жылға дейін Н.Гоголь  атындағы Қызылорда педагогикалық институтының жоғары математика кафедрасын  басқарды. Осы жылдарда ол университеттің және аймақтың білімі мен ғылымының дамуына елеулі үлесін қосты, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Айта кету керек, Асан Дабысұлы аз уақыт ішінде студенттер мен оқытушылар арасында ғылыми жұмыстар ұйымдастыруда бірқатар жаңалықтар енгізді. Облыс көлемінде оқушылар арасында тұңғыш математикалық олимпиадалар ұйымдастырды. Математика салалары бойынша іргелі нәтижелерге қол жеткізіп, Одақ көлеміне танылды. 

2013 жылы І Тайманов оқулары аясында кезінде өзі қызмет еткен №6 оқу ғимаратында «Академик А.Д.Тайманов атындағы дәрісхана» ашылып,  ғалымның бюсті қойылды. Алғашқы конференцияға 40 ғылым докторы, 15 әртүрлі академияның  академигі, 75 ғылым кандидаты мен жас зерттеушілер қатысты.

Академик Асан Таймановтың 100 жылдығына арналған ІІ  халықаралық-ғылыми  Тайманов оқулары университеттің 80 жылдығы аясында мерейтойлық іс-шаралар бағдарламасына кірді. 

Асан Дабысұлы 1947 жылы Мәскеу педагогикалық институтында кандидаттық диссертация қорғаған кезде жиынға Қазақ ССР Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаев қатысып, Қазақстанда жұмыс істеуге шақырады. Сол шақырумен ғалым елге келіп, Н.Гоголь  атындағы Қызылорда педагогикалық институтында 7 жыл еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдары қазақ тіліндегі әдебиет, оқулықтардың аз болғаны белгілі. Асан Дабысұлы студенттерге қосымша сабақ өткізіп, математикалық терминдерді қазақ тілінде үйретеді. Ғалым Сыр елінде еңбек ету барысында ғылыми зерттеулер жасап, есімі әлемге танылды, – деді техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бақыт Қалиев.

Білім ордасының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға  Ресей ғылым академиясының академигі, Новосібір мемлекеттік университетінің геометрия және топология кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Искандер Тайманов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, математика және математикалық модельдеу институты бас директорының орынбасары, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бектұр Байжанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы, математика және математикалық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері Виктор Вербовский қатысты. Конференция  бағдарламасына  60-тан аса баяндама енгізілді.

Дереккөз: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Конференция аясында секция жұмыстары жүргізіліп, мұнан кейін ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<