Инновациялық жобалар фестивалі өтеді

479

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімінің қолдауымен, «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, «Astana Hub» халықаралық стартаптар технопаркінің қатысуымен 15-16 желтоқсан күндері «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық жобалар фестивалі өтеді. Оған идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыруға ресурсы жеткіліксіз кез келген адам қатыса алады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Сәбит Ибадулла айтты.

– «Inno.Fest» Qyzylorda жобасы – бір тәулік ішінде идеялық-инновациялық жобаларды, яғни, «Ақпараттық технологиялар», «Контент және медиа», «Кино және видео», «Smart Qyzylorda» бағыты бойынша өткізілетін іс-шара. Фестивальға дейін қала мен барлық аудандарда жобаны насихаттау шаралары ұйымдастырылады. Жоба серіктестері – «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, «Astana Hub» халықаралық технопаркі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Болашақ» университеті, IT Park, «Абзал және К» ТС, «Grand master» бағдарламалау мектебі» ЖШС, «Сыр үміті» жастар қауымдастығы, Қазақстан ІТ-мамандары ассоциациясы, «Qosyl» жастар орталығы, «Maнсап» мектебі, «Kyzylorda Business Hub» ЖШС, тағы басқалар, – деді ол.

Айта кетейік, қатысушы өз жобасын іске асыру үшін команда жинау мүмкіндігіне ие. Фестиваль форматы бойынша бір тәулік ішінде жоба идеясы озық шыққан инновациялық жұмыстар іріктеліп, іске асырылады.

– Өткен жылдан бастап «Astana Нub» халықаралық стартаптар паркі мен облыстық ақпараттық технологиялар орталығы және Қорқыт ата атындағы университет арасында серіктестік нығайды. Осының нәтижесінде 2 жыл бойы бірқатар шаралар жүзеге асты. Жоспар шеңберінде 9 іс-шара, 380-нен астам жасты қамтыған болатынбыз. «Inno.Fest» Qyzylorda – 2021 инновациялық жобалар фестивалі 4 бағыт бойынша өтеді, – деді «Astana Нub» халықаралық технопаркінің облыс бойынша аймақтық менеджері Жанарыс Түбекбаев.

– Республиканың өзге өңірлерінде, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында Hackday форматындағы фестивальдер өткізіліп, заманауи технологияларға қызығушылық танытатын IT мамандар көбейіп келеді. ІТ парк базасында аптасына 253 студент тәжірибе алып, уақытылы оқыту жүйесіне қатысуда. «Inno.Fest» жобасы ақпараттық жүйелер мен медиа контент бағытында ұйымдастырылады. Қатысамын деушілер арнайы сайтта тіркелуге болады, – деді «Grand master» бағдарламалау мектебі ЖШС директоры Алмат Қуанышбаев.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<