Инновациялық жобалар фестивалі өткізіледі

286

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қызылорда облысы әкімінің ұйымдастыруымен 15-16 желтоқсан күндері «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық жобалар фестивалі өткізіледі. Оған Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «AstanaHub» халықаралық стартаптар технопаркі қолдау көрсетті. Фестивальге идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыруға ресурстары жеткіліксіз кез келген адам қатыса алады.

«Айта кетсек, «Inno.Fest Qyzylorda» идеялық инновациялық жобалар негізінде «Ақпараттық технологиялар», «Контент және Медиа», «Кино және видео», «Smart Qyzylorda» бағыты бойынша өткізіледі. Фестиваль күндеріне дейін қала және облыстың барлық аудандарында жобаны насихаттау шаралары ұйымдастырылады. Жобаның серіктестері – «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры», «Astana Hub» халықаралық технопаркі, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Университеті», «Болашақ» университеті, IT Park, «Абзал және К» ТС және өзге де ұжымдар. Қатысушы өз жобасын іске асыру үшін команда жинау мүмкіндігіне ие болады», – деді «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Сәбит Ибадулла.

Фестиваль форматы бойынша бір тәулік ішінде жоба идеясы озық шыққан инновациялық жұмыстар іріктеліп, іске асырылады. «2020 жылдан бастап «Astana Nub»халықаралық технопаркі мен Қызылорда облысының Ақпараттық технологиялар орталығы және іргелі университеттердің бірі Қорқыт ата атындағы ҚУ арасында серіктестік нығайды. Осының нәтижесінде 2 жыл бойы бірқатар шараларды жүзеге асырып келеміз. Жоспар шеңберінде 9 іс шара жүзеге асырылып, 380-нен астам жастарды қамтыған болатынбыз. «Inno Fest» Qyzylorda 2021 инновациялық жобалар фестивалі 4 бағыт бойынша өтеді», – деді «Astana Nub» халықаралық технопаркінің Қызылорда облысы бойынша аймақтық менеджері Жанарыс Түбекбаев.