Инсульттан кейінгі қалпына келтіру

965

0

Фото: ашық дереккөз

Инсульт – ми қан айналымының жіті бұзылысы, яғни ми қан тамырларының бірінің үзілуі, түйілуі немесе тығындалуы салдарынан орын алады. 
Инсульттен кейінгі қалпына келу үдерісі нәрестенің дамуының алғашқы айлары мен жылдарын еске түсіреді: алдымен аяқ-қол қимылдарын үйлестірді, содан кейін аунау, отыру, тұру, жүру амалдарын үйренеді. Сонымен қатар әлеуметтік дағдылары да қалыптасады: сөйлеу қабілеті дамиды, адам өз бетінше тамақтануды, киінуді, жуынуды үйренеді, телефон, электр құралдарды меңгереді, тұрғылықты үйін жайландырады. Инсультке шалдыққан адам дәл осылай өмір сүруге қайта бейімделеді. Жас сәби секілді ол да өз жақындарының сүйіспеншілігіне, қолдауына мұқтаж.

Егер науқасқа жылы сөйлесек, оның сауығып кетуіне сенетінімізді білдірсек, бұл оған күш беріп, бойына сенім ұялатады. Бір науқастың қозғалысы мен сөйлеу қабілеті инсульттен кейінгі алғашқы апталар мен айлар ағымында қалпына келіп қойса, біреулердің қимыл-қозғалысы мен сөзі біршама қиындайды, ал тағы біреулерде  айтарлықтай шектеулер қалыптасады. Сөйлеу мен қимыл-қозғалыстың қалпына келу дәрежесі, ең алдымен, бас миындағы осы қызметтерге жауапты аймақтардың зақымдану көлеміне байланысты. Зақымдану аймағы үлкен болған сайын, бұзылған қызметтердің қалпына келу барысы баяу әрі нашар жүреді. Инсульттен кейінгі оңалту үдерісі алғашқы жылы қарқынды түрде жүреді, сонан соң біршама баяулайды, бұдан кейін негізінен науқасты бойындағы ақауларға бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Егер инсультке шалдыққандардың қолы немесе аяғы әлі де нашар қимылдайтын болса, олар жаттығуларын жалғастырып, өздігінше әрекет ету дағдыларына ерекше көңіл бөлуі керек.

Бастапқыда бұлшық ет әлсізденуі кезеңі – гипотония байқалады. Кейде ол ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Бұлшық ет әлсіздігіне байланысты, зақымдалған жақта қимылдау мүмкін болмай қалады. Қозғалыс белсенділігін жоғалту үнемі дерлік сенсорлық бұзылыстармен қатар жүреді. Сондықтан да, науқас үшін бұл – ең қиын кезең.
Бұл кезеңде массаж, арнайы емдік жаттығулар кешені, миостимуляциялық физиотерапия тағайындалады.

Ең бастысы қан қысымының бірқалыпты болуын қадағалап, барлық созылмалы ауруларды дер кезінде емдеу. Дәрігерге қаралып жүру міндетті. Гипертониялық ауруларды емдеу керек. Осылай ғана инсульттің алдын алуға болады.

Инсульттің алдын алу (қайталануын болдырмау) үшін еңбек және демалыс тәртібін  дұрыс орнату, дұрыс тамақтану, ұйқыны реттеу, отбасында және жұмыста жақсы психологиялық климат қалыптастыру, жүрек-қан тамырларының ауруларын: ишемиялық жүрек ауруын, гипертониялық ауруды дер кезінде емдеу керек. 
Инсульттің алдын алу шаралары қантамыр ауруына шалдыққан науқастарды жүйелі бақылап отыруды, тамақтану, ұйқы және демалыс ұйымдастыруды, ұйқыны реттеуді, жүрек-қан тамырларының ауруларын, әсіресе атеросклероз бен гипертониялық ауруларды өз уақытында және дұрыс емдеуді қамтиды.

Жанар КОЖАМКУЛОВА,

Көп бейінді облыстық аурухананың

Қалпына келтіру-2 бөлімшесінің аға мейіргері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<