Кәсіби мерекелік құрмет

585

0

Елмен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік саласының қоғамдық өмірде маңызы зор. Мезгілдің ыстық-суығына қарамастан күні-түні жол жүріп, ел абыройы мен ризашылығын молайтып, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап жүрген мамандар төл мерекелерінде марапат төрінен көрінді. Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов көлік және байланыс саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ардагерлерге құрмет көрсетіп, мінсіз қызмет атқарғандарды марапаттады.

– Бұл мереке – сала мамандарының басын қосатын атаулы күн ғана емес, жалпыхалықтық сипатқа ие. Көлік саласы – қай кезде де еліміздің экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды сала. Елімізді әлеуметтік-экономикалық дамыту, экономиканы және өнеркәсіптік өндірісті жаңғырту жолында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыруда  үлкен роль атқарады.

Көлік және байланыс саласының қызметкерлері өңіріміздегі кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын, әрбір елді мекеннің тіршілігін қамтамасыз етіп, аймақ тұрғындарының әлеуметтік хал-жағдайын жақсартуға сүбелі үлес қосып келесіздер.

Сіздердің жинаған мол тәжірибелеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен іскерліктеріңіз күнделікті міндеттерді орындап қана қоймай, қазіргі экономикалық жағдайда тыныс-тіршілігімізді  жетілдірудің жаңа тетіктерін табуға септігін тигізері сөзсіз.

Бүгінгі мерекені Сыр елінің көлік саласының мамандары  жақсы жетістіктермен қарсы алуда. «Жолдың жайын жүрген білер» дегендей, бүгінгі таңда Қызылорда облысының аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен жалғайтын 205 тұрақты автобус қатынасы ұйымдастырылған. Облыс орталығынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Ақтөбе, Сарыағаш қалаларына күнделікті жолаушы тасымалдау қызметтері көрсетілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары.

 Айта кетейік, жыл басынан барлық бағытта 35 млн жолаушы тасымалданып, өткен жылмен салыстырғанда 8,4 процентке көбейген.  Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету және Қызылорда қаласындағы қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында үлкен сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус сатып алынып, автобус паркі жаңартылатын болады. Жаңа автобустар 50 жолаушыға сыйымды, мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз кіріп-шығуына арналған құрылғылармен қамтылған және қоршаған ортаға зиянды әсері өте төмен.

Мархабат Жайымбетұлы сондай-ақ бұл мерекені өңірдегі теміржолшылар да толымды табыстарымен қарсы алуда екенін айтты.

–    Биыл «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының құрылғанына – 25 жыл. Тарихы бар сала аға буынның еселі еңбегімен, жасампаздығымен дамыса, кейінгі ұрпақтың жаңашылдығымен нығайып келеді. Осы жылдар ішінде жаңа жолдар салынып, қолданыстағы магистральдар жаңарту және жетілдіруден өткізілді, транзиттік жүк тасымалын дамыту шарттары жасалды. Ағымдағы жылы Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі бойынша 70 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, бүгінгі күні оның 60 проценті орындалды. Бұл іс-әрекеттер жолаушылар пойыздарының жылдамдығын сағатына 140 километрге дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Әуе қатынасында да серпінді жобалар бар. Әлемдік стандарттарға сай әуежай заманауи сипатқа ие болуы керек. Осы бағытта  Болат Өтемұратов қорымен бірге жаңа әуежай терминалын салу қолға алынды. Жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын бұл жобаны қаржыландыру толықтай Қордың есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда, жобалау және инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың ақпан айында басталып, 2024 жылдың қыркүйек айында халықтың игілігі үшін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да өрлеу бар. Биыл өңірдің автомобиль жолдары мен көшелерін, көпір өткелдерін жөндеуге барлығы 18,4 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 348 шақырым жол желісін жөндеуден өткізу жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы  75 процентті құрапты. Жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 82- ге көтеруге жұмыс жасалуда.

Мархабат Жайымбетұлы жүргізуші, жолшы, ұшқыш, машинист, диспетчер және басқа да өзінің саналы ғұмырын осы саламен байланыстырған жандарды мерейлі мерекесімен құттықтап, саланың дамуына үлес қосып келетін қызметкерлерге ризашылығын білдірді. Бірқатар үздік мамандарға «Еңбек ардагері» медалі мен «Құрметті автокөлікші», «Үздік автокөлікші» төсбелгілерін және облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Іс-шара соңында облыстық жолаушылар көлігі және автобомиль жолдары басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Нұрқышұлы мен теміржол саласының ардагері  Оразбек Өмірзақов әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектерінің еселене беруіне тілектестік білдірді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<