Кәсіпкерлерді құттықтады

1275

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ғимаратында салтанатты жиын өтті. Онда аймаққа белгілі кәсіпкерлер мен құрылтайшылар, серіктестік иелері бас қосты.

Іс-шара барысында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ төрағасы Ерлан Нұрланбаев өңір дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді мерекемен құттықтап, өз лебізін жеткізді.

– Біз 30 жыл ішінде Қазақстанның өрлеу мен даму дәуіріне куә болдық. Еліміз алмағайып өтпелі кезеңнен барлық қиындықтарды жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Республикамыздың осындай биіктерді бағындыруына барлық қазақстандықтар сүбелі үлес қосып келеді. Олардың қатарында кәсіпкерлік саласындағы азаматтар да бар. Баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін! Мереке құтты болсын! – деді басқарма төрағасы.

Мұнан соң мереке құрметіне орай Сыр елінің әлеуметік жағдайын жақсартуда үлес қосып жүрген іскер азаматтар марапатталды. Корпорация төрағасы облыс, қала әкімі және облыс әкімі орынбасарының атынан, сондай-ақ басқарма тарапынан «Алғыс хат» пен «Құрмет грамотасын» кәсіпкерлерге табыс етті. Сонымен қатар, Президент Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі «ORDA-Сығанақ» балшықпен емдеу шипажай бірлескен кәсіпорнының директоры Қайрат Есімов пен «Дандыбаев» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Асылбек Дандыбаевқа берілді.

– Бүгінге дейін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 43 жоба қорғалды. Соның ішінде кейінгі екі жылда 14 жоба облыстың әр ауданында іске асып отыр. Мысалы, мал шаруашылығы бағытындағы түрлі серіктестік, сервистік қызмет көрсету орталықтары, шұжық пен ет өнімдерін дайындау, жантақ балын шығару сияқты бірлескен жобалар жұмысы жақсы нәтиже беруде. Бізге сенім білдіріп, бірге жұмыс істеуге келген кәсіпкерлерге өз тарапымыздан қаржылай қолдау көрсетіп келеміз. Соның нәтижесінде бірлескен кәсіпорын құрылып, әр сала бойынша өз өнімдері сатылымға шығып үлгерді. Әсіресе, аудан мен облыс орталықтары ұйымдастырған жәрмеңкелерде кәсіпкерлердің тауарлары жергілікті халыққа ұнап отыр, – дейді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<