Кенжелеген жанр қайта жандануда

1297

0

Кейінгі бірнеше жылда «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС жазушы Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив жанрындағы шығармалар байқауын ұйымдастырып келеді. Мақсат – қазақ әдебиетінде кенже қалған осы жанрды қайта жандандыру.

Байқаудың қорытынды шарасы биыл Сыр өңірінде өтуде. Соған орай қаламызда бірнеше шара өтті. Байқау ұйымдастырушылары әуелі баспасөз брифингінде қолға алған істің бүгінгі аяқ алысынан хабардар етті.

– Біздің ұжым детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Шараны өткізудегі басты мақсат – кенжелеп қалған жанрды қайта жандандыру, детектив жазуға ынталылар қатарын арттыру. Бағыттың дұрыс, жоспардың оң екені байқаудың алғашқы жылынан-ақ аңғарылды. Бүгінде қатысушылар саны жыл санап артуда. Тағы анықтап өтетін жайт бар. Жалпы, байқаудан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бәйге жарияланған кезде Қазақстан Президенті кім болатыны туралы да болжам жасалмаған. Бұл байқау бес жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатыр. Бір жағынан Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетіне детектив жанрын алып келген қаламгер. Сондықтан байқаудың осы қаламгердің атымен аталуы заңдылық, – деді «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев.

Рас, жазушының қаламынан туған әр шығарма осы жанрға дендеп кірген кейінгі буынға бағдар болды. Бір кезеңдерде әдебиеттің айналасында жүрген зиялы қауым өкілдері расымен бұл жанрдың көш соңында қалғанын айтып дабыл қаққан еді. Осыдан соң детектив жанрының жалын тартқан жас жазушылар Тоқаев шығармаларын өздерінің темірқазығы етіп ұстанды. «Көш жүре түзеледі» десек, шығармаларына шұрайлы сөз байлығын асқан талғампаздықпен қолдана білген бүгінгі жастар сол сөзді үстей түседі.

– Алғашқы жылы редакция қоржынына 72 шығарма түскен болатын. Биыл үш айдан астам уақыт республиканың түкпір-түкпірінен жинақталған шығармалар саны жүзден асты. Бұл байқаудың ел арасында танылып, жанданып келе жатқанын білдіреді. Байқауды әр өңірде өткізуіміздің себебі де оның танымалдығын арттыру арқылы, қайта аяққа тұрғызу. Ал жарысқа келсек, үміткерлер еңбегіне Сенатор Мұрат Бақтиярұлы, жазушы Серік Әбікенұлы, Қызылорда облыстық сотының Соттар әкімшісі Сағатбек Сүлеймен, Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының  директоры Нұрлыбек Мыңжас, «Заң» медиа-корпорациясы»  ЖШС  директоры Досымбек Өтеғалиев төрелік етті, – деді «Заң газетінің» бас редакторы, ұйымдастыру алқасының мүшесі Айнұр Сембаева.

Иә, бүгінде аталған жанрға бет бұрып, байқауға қатысушылардың саны артқан. Тіпті, ұйымдастырушылар кейінгі төрт жылда байқауға қатысып, жүделі болған авторлардың үздік туындылары енген «Шытырман» детектив шығармалар жинағын жарыққа шығарыпты. Аталған еңбектің тұсаукесер рәсімі Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, биылғы байқауда бақ сынаған қаламгерлер қатысты. Кітаптың тұсауын облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев кесті.

Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, кенже қалған детектив жанрын жандандыруға елеулі үлес қосып жүрген қаламгерлерге алғысын жеткізді. Сондай-ақ, кітап мазмұны әр қылмыстың артында жаза бар екенін анық көрсеткенін және бұл бағыттағы жинақтар мен түрлі еңбектер аталған жанрдың дамуына сеп боларына сенім білдірді. Ал корпорация директоры алдағы бірнеше жылда осындай шығармалар қайта жинақталып, кітап болып шығатынын тілге тиек етті.

Бұдан соң «Достық үйінде» Кемел Тоқаев атындағы бәйгенің биылғы үздіктері марапатталады. Салтанатты шараға еліміздің түкпір-түкпірінен қаламгерлер қатысты. Марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйледі.

– Детектив көпшілікке шым-шытырық оқиғаларға құрылған әдебиеттің оңай жанры секілді көрінуі мүмкін. Алайда оған ішкерілей енсең, нағыз бейнетті жанр екенін байқауға болады. Детективті ішкі қуаты мол, зиялы, қиялы ұшқыр қаламгерлер ғана дендете жазып, оқырмандарға қызықты етіп жеткізе алады. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ детективінің көрнекті өкілі Кемел Тоқаев – нағыз суреткер, шебер жазушы. Айтайын дегенім, Кемел Тоқаев өз бағасын әлдеқашан алған жазушы. Неге десеңіз, ол қалың оқырман сүйіп оқитын, болашаққа теңдессіз мұра ретінде роман, повесть, хикаят, әңгімелер жазып қалдырды. Оның еңбектері сонысымен құнды. Жалпы, 2018 жылы бастау алған бұл шараның маңызы зор. Жазушы салған сара жолды жоғалтпай, жанрдың жандануына үлес қосу әрбіріміздің міндетіміз деп ойлаймын. Бүгінгі мерейлі сәт те – соның бір көрінісі. Барша жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаймын, – деді ол.

Байқауға қатысқан 106 шығарма арасында жүзден жүйрік озып шыққан Асхат Өмірбаевтың (Жетісу облысы) «Қылмыскердің күлкісі» шығармасы бас жүлдені иеленді. І орынмен «Үтіктегі қан» шығармасы үшін Алдажар Әбілов (Қызылорда облысы) марапатталды. ІІ орын «Тылсым түннің құпиясы» шығармасы үшін Бақыт Жалиева (Ақтөбе облысы) мен «Қалықтап жеткен үн» шығармасы үшін Нұрлан Шынтаевқа (Алматы облысы) бұйырды. ІІІ орынды «Түтін» шығармасы үшін Айгүл Кемелбаева (Астана қаласы) және «Оралманның ойраны» шығармасы үшін Тұрақ Ахетов (Қызылорда облысы) иеленді. Жеңімпаздарға арнайы қаржылай сертификат табысталды. Сонымен қатар, Қызылорда облыстық соты төрағасының арнайы жүлдесін «Тергеу аяқталған жоқ…» шығармасы үшін Бағдат Қалаубай жеңіп алды. Ал Байқоңыр қалалық сотының бас маманы Нұргүл Нұрбайқызы облыстық полиция департаментінің арнайы жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, Қабыл Дүйсенбі (Шымкент қаласы) мен Шернияз Жалғасбекұлы да (Қызылорда облысы) байқауға қатысып, ынталандыру сыйлығын иеленді.

Айтпақшы, биылғы байқаудың ерекшелігі сол, марапат тізіміне «Оқырман таңдауы» номинациясы қосылған. Аталған жүлдені «Алқаракөк» шығармасы үшін Алматы қаласынан келген Дидар Қосылбеков еншіледі. Бұдан соң мерекелік кеште ән мен биден шашу шашылып, өнерпаздар көрермендер көңілін серпілтті.

– Бұл – менің республикалық байқауда шығарма жазып алған алғашқы жүлдем. Өте қуаныштымын. Кемел атамыздың «Сарғабанда болған оқиға», «Соңғы соққы», «Түнде атылған оқ» секілді шығармаларын оқып өскен ұрпақпыз. Сол шығармалардың ықпалы болды ма деймін, шабыттанып, детектив жанрындағы өз шығармамды дүниеге әкелдім. Алда да осы жанрда қалам тербеп, дамытуға үлес қоспақ ниет бар, – деді бас жүлде иегері Асхат Бақытұлы.

Орайы келгенде айта кетейік. Биыл Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен дүбірлі доданың Сыр елінде өтуі бекер емес.  Мұның да өзіндік себебі бар. Сөзіміз құрғақ болмас үшін нақты дәйек келтіріп кетейік. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара бас жүлдені алған адамның жерінде өтеді. Былтыр қазақтың рухани астанасы Түркістанда өткен дода ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сол байқауда сырбойылық жазушы Нұрлыбек Сафин бас жүлде, отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағанбетов ІІ орын алып, жүлделі оралды. Оның үстіне былтыр қос қаламгердің авторлығымен «Тәуелсіздік қырандары» атты деректі-детективті көркем әңгімелер жинағы жарық көрді. Байқағанымыздай, сырбойылықтар биыл да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осыдан-ақ Сырда туған қаламгерлердің осынау жанрға төселіп, қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосып жүргенін аңғару қиын емес.

Жалпы, оқырманның ой-сезімін сәулелендіретін, қиялына қанат бітіретін осынау детектив жанрындағы шығармалар – қазақ әдебиетінің байлығы, ажырамас бөлігі.  Енді оны ұрпақ жадында жаңғыртып, жанрдың дамуына атсалысу – қаламгерлер міндеті.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<