Кейдендегі әсерлі күн

333

0

Жаңақорғанда ауданның құрылғанына және Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтің туғанына 90 жыл толу мерейтойы жалғасуда. Осындай шаралардың бірі Кейден ауылдық округінде аталып өтті. 

Аудан әкімі Ғалым Әміреев бастаған  қонақтар жаңа кейіпке енген ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарды аралады. Осы күні ауылдық клуб үйінде ардагерлер аллеясы, клуб ішінен үкі­меттік емес ұйымдар бөлмесі ашылды. Еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Рахман Кө­кеевтің ескерткіш тақтасының лентасы қиылды. Сал­танатты жиында аудан әкімі ауыл­дық округтегі игі істерге баға бере келе, ардагердің ұл-қыздарының игі ісіне риза­шылық білдірді.

– «Туған жерге туыңды тік» деген ұғым бізді бірлікке бастап, өнегелі шарауаларға шақырады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы орайда нақтылығымен қуантады, – деді Ғ.Әміреев.

Одан кейін майдангер туралы естелік кітаптың тұсауы кесілді. Шағын футбол, шахмат, дойбы ойындары бойынша аудан­дық турнир марқұмды еске алуға арналды.

Кейденде кәсіп ашып, өнім өңдеу мен өндіруге ден қойғандар қатары артып келеді. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Қасым Әбжаппаров. Ол жүгері өнімдерін өңдейтін және сусын өндіретін кәсіпорынды іске қосып, оның тиімділігі туралы ойды ортаға салды. Аудан әкімі бастаған қонақтар цех жұмысымен танысты.

Одан соң ауыл клубында ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі назарға ұсынылды. Кәсіпкер Ұлсерік Иманбаева биыл біраз жерге көкөніс, бақша дақылдарын егіп, оны тиімді саудалады. Ал Ұлпаш Төлеуова аудандық кәсіпкерлікті қолдау бөлімі арқылы 1 653 мың теңгеге сүт өнімдерін өңдейтін аппарат сатып алды. Бүгінде ол сүт, қаймақ, сүзбе, айран шығарып келеді. Сары май, құрт өндіруді де жолға қойды.

Осы күні Айжан Шерубаева жетекшілік ететін ауыл мектебінде мерекелік шара ұйымдастырылды. Ол аудандық мәдениет үйі өнерпаз­дары сахналаған «Алпамыс» шағын спектаклімен басталып, оқушы­лар­дың концертіне жалғасты.

Аудан әкімі Жолдаудан бастау алатын міндеттерге тоқталып, түрлі саладағы еңбек озаттарын алғыс хаттармен марапаттады. Шара соңында спорттық бәсекеде озық шыққандар жүлделер иеленді.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Кейден ауылы,

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<