Классика ешқашан ескірмейді

4373

0

«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар». Осы есті әндердің қатарына ең алдымен классикалық әуендерді жатқызсақ, ешкім дауласпасы анық. Өйткені, медицина сан ғасырдан бері нотасы өзгермеген классикалық туындылардың тыңдарманға ерекше көңіл-күй, жан дүниеге тыныштық сыйлайтынын дәлелдеген. Классикалық музыка әлемінде, әсіресе, скрипкашының шоқтығы биік.

Облыстық филармония жанындағы камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Анар Жаңбырбаеваның шәкірті Ұлпан Шаншархан Дубайда өткен халықаралық скрипка байқауында жүзден жүйрік шығып, жүлделі ІІ орынды иеленді. 19 жасар скрипкашы арудың айтуынша, байқау 16-19 жас арасындағы жас скрипкашылар арасында өткізілген.

– Дубайдағы халықаралық музыканттар байқауына 24 адам қатысты. Конкурстан бөлек мұнда қатысушылардың барлығы шеберлік сағатынан өтіп, ансамбль концерттеріне қатысты. Екі аптаның ішінде сан түрлі елден келген музыканттармен өзара тәжірибе алмасып, қабілетімізді ұштай түсуге, әрі қарай да үздіксіз ізденуге жігерленіп қайттық.

Өзім скрипка аспабын 7 жасымнан бастап тартып келемін. Ата-анамның өнерге қатысы жоқ. Отбасымызда мен ғана музыкантпын. Анам ұстаз болса, әкем құрылысшы. Музыка саласын таңдауыма себепкер болған ұстазым Анар Асанқызына айтар алғысым шексіз! – дейді скрипкашы.

Өз кезегінде ұстаз да шәкіртімен мақтанатынын айтып өтті.

– Ұстаз үшін шәкірт өз баласымен тең. Сондықтан қай байқауда бақ сынамасын, шәкіртіміз сахнаға шықса, тақымымызды қысып отырамыз. Ұстазға шәкіртінің жеңісінен артық не керек?! Ерекше қуаныштымын.

Классикалық музыка – ешқашан мәнін және тыңдарманын жоғалтпайтын өнер саласы. Оны теледидардан, плейерден тыңдасаңыз, түсінбеуіңіз мүмкін. Арнайы залға келіп тыңдасаңыз, жан рахатына бөленесіз. Өйткені классика ешқашан ескірмейді.

Классикалық музыканың тұрақты тыңдарманына айналу үшін оның маманы болу, арнайы білім алу міндетті емес. Бастысы, орындалып жатқан шығарманың қысқаша тарихымен танысып алуыңыз керек. Қалғаны музыканттың шеберлігіне байланысты дер едім, – дейді Анар Асанқызы.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<