Көркі келіскен көпқабатты үйлер

442

0

Сыр елінің бас шаһарында мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Оларды әрлеп, сырлап, күтіп ұстаудың өзі үлкен күшті, қаржыны қажет етеді. Кей тұрғындар өз қаражаттарына тұрғын үйлерін жөндеп жатса, енді біріне мемлекет қаржы бөледі.

Жөндеу жұмысынан соң үйлердің сәні кіріп қалатын-ды. Әйткенмен жылда қыруар қаржыға сырланған ғимараттардың бояуын Қызылорданың желі, ми қайнатар аптап ыстығы алып түседі. Сосын келер жылы қайта жөндеу жұмысын жасап, құрылысшылар мен тазалық мамандары әбігерге түсіп жататын. Мұның оңтайлы жағын ойлап, қаладағы көпқабатты үйлерді панельмен қаптап, сәнін келтіріп, ұзақ жылға шыдайтындай етіп салу идеясын кәсіпкерлер көтерген еді. Билік тарапынан қолдау тапқан жұмыс қазір қалада қызу жүріп жатыр.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ең алдымен жұмыс сапасына басымдық берілуі тиіс екенін айтты. Жерлестерін туған жерді көркейту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, осы топырақтан түлеген меценаттар белсенді араласып жатыр. Олар қайырымдылық шараларына, атамекенін көркейтуге бар күш-жігерін салуда.

Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлердің қасбеті қайта жаңғыртылғанына тұрғындар дән риза.

Жоба бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін қаптауға заманауи материалдар қолданылып, шаһардың сәулеттік келбетіне ерекше сән бермек.

Әрлеу жұмыстары жергілікті демеушілер тарапынан, атап айтқанда қала құрылысшылары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен жүргізіліп жатыр.

Қазір Абай даңғылындағы №46, №54 және №62 үйлер мен Сырдария шағын ауданындағы №1 және №2 тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары бірыңғайланып қалған.

Қапталып жатқан үйлер алыстан көз тартады. Қуантарлығы дизайны қазақы нақыш пен ою-өрнектерге, түрлі бояуларға бай. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<