Композитор есімі берілді

638

0

Жуырда Қызылорда қаласындағы өнер мектебіне композитор Мүлкаман Сүлейменұлы Қалауовтың есімі берілді.

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер және М.Қалауовтың жұбайы Бибайша Байзақова қатысты. Онда облыстық  білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова өнер майталманының өнегелі өмірі жайында айтып, ізгі тілегін білдірді.

Мүлкаман Қалауов 1938 жылы Сырдария ауданындағы «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы ауылда дүниеге келген. Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген соң Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Сыр елінің мақтанышы болған «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі дирижеры, 1982 жылдан консерваторияның «Оркестрмен дирижёрлау» кафедрасының доценті, 1984-1987 жылдар арасында Халық аспаптар факультетінің деканы болып, өмірінің соңғы жылдары «Домбыра» кафедрасында ұстаздық жұмыс атқарды. 1982-2004 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының профессоры қызметтерін атқарды.

Жас ұрпаққа ұстаздық ете жүріп, шығармашылық жұмысты да ұштастыра алды. «Желіс», «Қоспан ата», «Жайлауда», тағы басқа күйлері, «Отаным», «Анама», «Жұлдызым», «Ана туралы жыр» секілді әндердің авторы.

Шарада талантты тұлға жайлы көзкөргендер мен әріптестері естелік әңгімелерін бөлісіп,  «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің бұрынғы мүшелері мен өнер мектебінің оқушылары ән-жырдан шашу шашты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<