Коронавирусқа қарсы вакцина егу басталады

265

0

Ұлыбритания алғашқылардың бірі болып коро­навирусқа қарсы вакцинасын жаппай қолда­нысқа енгізбек. Осыған байланысты Ұлттық денсаулық сақтау қызметі ауруханаларды 10 күн ішінде жаппай екпе жүргізуге әзірленуді тапсырған, – деп хабарлайды egemen.kz

Жоспар бойынша вакцина салу желтоқсанның ортасынан басталады. Ең бірінші аурухана дәрігерлері мен қызметкерлері екпе алады. Вакциналардың алғашқы легі 7 желтоқсанда жеткізіледі. Ұлттық ден­саулық сақтау қызметінің хабарлауынша, бір­неше күннің ішінде екпені пайдалану мақұлдануы тиіс. Ұлыбритания Pfizer/BioNTech компаниясының вакцинасына тапсырыс берген.

Алғашқыда коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген қызметкерлер екпе алады. Содан кейін күту қызметіне мұқтаждар мен 80 жастан асқандарға кезек беріледі. Билік өкілдері бұл екі топтағы адамдарды COVID-19 вирусынан зиян шегу ықтималдылығы жоғары болғандықтан тізімге енгізген.

Pfizer корпорациясы өткен аптада BioNTech компаниясымен бірлесіп жасаған вакцинаны сынауды аяқтағанын мәлімдеді. Вакцина тиімділігі 95 пайызды көрсеткен. Бұған дейін аталған вакцина 90 пайыз иммунитет қалыптастыратыны туралы мәлімет таратқан еді.

Компания өкілдері жақын күндері АҚШ билігіне және вакцинаны тіркеу жөнінде тапсырыс берген өзге елдерге жөнелтетінін жеткізді. Вакцинаны сынаудың үшінші кезеңіне қатысқан 43 мың еріктінің 170-і ғана коронавирус жұқтырған. Онда да олардың 8-не екпе салған, ал қалғандары плацебо алған.

Pfizer сонымен бірге вакцинаны сақтау үшін (оны минус 70°C-тен кем емес температурада сақтау керек) арнайы құрғақ мұз сақтайтын контейнерлер жасап шығарғанын мәлімдеді. Компания биыл 50 миллион, ал келесі жылы 1 миллиард доза вакцина шығармақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз