Күн тәртібінде – Кіші Арал келешегі

949

0

«Достық үйінде» Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің кезектен тыс мәжілісі өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов, кеңес мүшелері мен су шаруашылығы саласының ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бассейндік кеңес төрағасы Сейілбек Нұрымбетов төрағалық еткен жиында «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және дамыту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау және жобалау мәселесі талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Yekom Consulting Engineers –Kazakhstan» филиалының басшысы Мехди Шафиифар баяндама жасап, жобаның 2 кезеңін іске асыру мақсатында әзірленген арнайы жобалармен таныстырып, маңызды тұстарын түсіндіріп өтті.

Арал теңізі бассейніндегі экологиялық көрсеткіштер мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларды одан әрі жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп дайындалған жоба Солтүстік Арал суының жинақталу көлемі мен сапасын жақсарту, балық шаруашылығын, экологиялық туризмді дамыту секілді бірқатар негізгі нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Жиында аталған жоба бойынша зерттеу нәтижелерін «Қазгипроводхоз» жобалау институтының бас директоры Анатолий Рябцев баяндады.

Сондай-ақ, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақстандағы филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев, тәуелсіз сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаева, су шаруашылығы саласының ардагерлері Айтбай Көшербай, Дәулетияр Баялимов, қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев, жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатыров, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқару дирекциясының директоры Болат Бекнияз, басқа да облыстың су шаруашылығы саласының мамандары мен ардагерлері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар, кездесуде жобаның бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына жасалған үлкен мүмкіндіктер мен өңірдегі экологиялық мәселелер сөз болды.

Мәжілісте көтерілген мәселелер туралы газеттің келесі нөмірінде кеңірек жарияланатын болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<