Күрестің дамуына серпін береді

682

0

Қызылорда қаласында өтіп жатқан грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан біріншілігіне еліміздің барлық өңірінен және Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларынан келген 1290 балуан қатысады. Бұл чемпионат өз кезегінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру мен  насихаттау, ювеналды қылмыстың алдын алу, сонымен қатар олимпиадалық күрес түрлерінің беделін арттыру және дәріптеу ісіне үлкен үлес қоспақ. Сондай-ақ Азия және Әлем чемпионаттарына қатысу үшін Қазақстан құрама командаларын қалыптастыру мақсатын көздейді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов осындай пікір білдірді.

Даңқты балуан сәуірдің 16-на дейін созылатын ел біріншілігі Дүниежүзілік күрес федерациясы бекіткен жаңа форматта өтетінін жеткізді. Атап айтқанда, бұл чемпионатта 17 жастағы жасөспірімдер  және 23 жастан аспаған спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша күреседі. Аталған шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, республикалық күрес федерациясының ұйтқы болуымен өткізілуде.

– Биыл күрес спорты үшін маңызды жыл десек болады. Себебі республикалық және әлемдік деңгейдегі сайыстар саны артты. Қызылорда облысында ұйымдастырылып жатқан бұл чемпионат үлкен сайыстардың алдында жастарға берілген мүмкіндік болмақ. Республикалық чемпионаттар жер-жердегі таланттарды танып, оларды жоғары жетістіктерге жетелеу үшін керек – деді Дәулет Болатұлы.

Брифинг барысында алдағы кезеңде ел балуандары бағын сынайтын ірі жарыстар туралы да ақпарат беріп өтті. Мәселен, сәуір айының 19-ы мен 24-і аралығында Монғолия астанасы Улан-Батор қаласында ересектер арасында Азия чемпионаты өткізілсе, мамыр айының 3-і мен 6-сы аралығында Нұр-Сұлтан қаласында жастар арасында Жақсылық Үшкемпіров атындағы халықаралық турнир болады. Сондай-ақ мамыр айында Алматы қаласында ересектер арасындағы халықаралық рейтингтік турнирлер ұйымдастырылмақ.

Д.Тұрлыханов чемпионаттың ұйымдастырылу дайындығына көңілі толатынын жеткізіп, облыс әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, облыстық күрес федерациясына ризашылығын жеткізді.

Брифингке қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов Қызылорда қаласында өтетін ел біріншілігі осы күрес түрлерінің өңірімізде дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<