МӘМС: Жүйеде не жаңалық бар?

1027

0

Биыл 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында елімізде бастапқы медициналық-санитариялық көмек   ұйымын, яғни, емхананы еркін таңдау науқаны жүргізілді. Дәстүрлі акцияда аймақтың 8716 тұрғыны медициналық ұйымды таңдау құқығын пайдаланды. Олардың көпшілігі, нақтырақ айтқанда 6696 адам тікелей емханада өтініш беру арқылы тіркелсе, қалған 2020 азамат egov.kz. порталы арқылы электрондық әдісті таңдаған.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

Тіркелгендердің ішінде 6472 адам жеке клиникаларды,  ал 2244-і мемлекеттік емханаларды таңдаған.

–    Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы емханаларға тіркеу науқанының қорытындысы бойынша өңірдің 10277 тұрғыны БМСҚ ұйымын еркін тандау қызметін пайдаланды, оның ішінде 9839 адам жеке клиникаларға тіркелген болатын. Жыл сайынғы акцияға облыста 27 емхана қатысты, оның 14-і – жекеменшік, 13-і – мемлекеттік. Науқан денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет көрсетуге өтініш білдірген ұйымдар арасында ғана өткізілетінін айтқым келеді. Толық ақпаратты қордың www.fms.kz сайтында «Клиника таңдау» бөлімінен білуге болады, – дейді Бақыт Торғайбайұлы.

Жалпы тіркеу науқаны  емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Бұл рәсімді жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады. Сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырған жағдайда, басқа елді мекенге көшсе немесе ол тұрған емхана қайта ұйымдастырылса, жойылса және басқа да жағдайларда емхананы ауыстыруға құқылы.

Айта кету керек, емханаға тіркелген азаматтар келер жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде сол ұйымда медициналық көмек ала бастайды.

Мамандардың айтуынша, келер жылы МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің – ең төменгі жалақының жаңа мөлшерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді. Сонымен келесі жылы МӘМС-ке кім қанша төлейді? 

Атап айтқанда, жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді. Бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ-дан  аспауға тиіс, яғни, жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25500 теңгені құрайды. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.

Қызметкерлер, яғни, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді.

Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5% төлейді. Келер жылы (1,4 * 85 000) * 5% = 5 950 теңге. Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол «Салық кодексі» талап еткендей, жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.

 Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті ЖК ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілді. Тиісінше келесі жылы БЖТ болмайды. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебені екі жолмен ала алады: жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу; жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу. Дербес төлеушілер үшін жарна мөлшері  4250 теңгені құрайды.

Мамандар сонымен қатар сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болудың ыңғайлы және тиімді тәсілін пайдаланып, жарналарды алдағы 12 айға дербес төлеуші ретінде төлей алатынын айтады. Бұл жағдайда әр ай үшін төлемді жеке-жеке төлеген жөн. Бұл жағдайда өткен айлардағы қарыздар болса жойылады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<