Мамандығым – мақтанышым

1649

0

Кітапхана дүниеде ештеңеге теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей келе жатқан парасаттылық пен білімділіктің, қайнар көзі. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.

Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы. Егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем.    

Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашы­ғындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың ұсына білетін ой-өрісі кең, кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керек. Бұл – заман талабы. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізі қаланған күннен, 155 жылдық тарихымен кітапханалар арасындағы беделді мекенге айналып отыр.

Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар болады. Мен өзім осы кітапханада қызмет жасап жат­қанымды мақтанышпен айта аламын. Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да, тартым­дылығымен ерекшеленеді. Себебі, күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды. Қазақ руханиятының көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

Гүлдерайым ҚОСНАЗАРОВА,

Мәдениет саласының үздігі,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі

қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<