Қалалық парк тегін қызмет көрсетеді

1079

3

Бүгін 1 маусым – Халықаралық балалар құқын қорғау мерекесі қарсаңында Қызылорда қалалық мәдени және демалыс паркі қызмет көрсете бастады. Карантин режиміне сәйкес хаттамалық шешіммен демалыс орны таңертеңгі 10.00-ден түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істейді.

– Бұл күнді балалар асыға күтеді. Сондықтан мүмкіндігінше, оларды қуантуға асығу – біздің міндетіміз. Биыл жаңадан 4 аттракцион әкелінбекші еді, пандемияға байланысты алдыра алмай отырмыз. Десе де биылғы маусымды 78 жеке кәсіпкермен бастадық. Бұған дейін де қызмет көрсетіп келген 84 аттракционымыз бар. Айта кетейік, мерекеге орай мемлекет меншігіндегі екі аттракцион балаларға тегін қызмет көрсетуде, – дейді қалалық мәдени және демалыс паркінің директоры Әнуар Нақып.

Демалыс орны балаларға тек бір күн ғана арнамайды. Парк ұжымының қызметі маусым айының аяғына дейін дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері түске дейінгі уақытта балаларға тегін болмақ.

Ескерерлігі, балалар ата-анасының немесе мұғалімінің, жетекшісінің қарауымен келу керек. Әнуар Мәуленұлы бұл жеңілдіктерге алдын ала тапсырыс беру керегін айтты.

Дәулет ҚЫРДАН. 

Пікірлер:

Пікір жазыңыз