Мемлекеттік қызметшінің парызы

590

0

*сурет ашық дереккөзден

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 13-бабында мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер көзделген. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметші өкiлдi органның депутаты болуға, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқылы емес.

Мемлекеттік қызметші лауазымға кірген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде заңды түрде тиесілі ақша мен жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және кіріс әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариатта куәландырылады. Көшiрмесi нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынылады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті  аталған бағыт бойынша жергілікті атқарушы, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің тиесілі мүліктерінің сенімгерлік басқаруға берілуіне, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысуына талдау жүргізді.

Талдау жұмыстары барысында жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілердің коммерциялық ұйымдарда жарғылық капиталының үлестері, акциялары және пайлары, дара кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегені туралы облыс бойынша «Азаматтарға арналған» Үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-нан және облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінен тиісті ақпараттар сұратылды.

Нәтижесінде 4 қызметшінің шектеулерді сақтамағаны анықталды. Оның ішінде, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді сенiмгерлiк басқаруға бермегендер – 3 (үшеуі де – құрылтайшы. 2022 жылы 2, 2023 жылы – 1) дара кәсiпкерлiк қызметпен айналысқаны – 1.

Заңның 61-бабы 1-тармағы 9-тармақшасына сәйкес өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, сондай-ақ жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы меншiк құқығымен тиесілі үлестерді, акцияларды (акцияны) және кіріс әкелетін өзге де мүлікті сенiмгерлік басқаруға бермеуi мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына негіз болады.

Дегенмен, жоғарыда көрсетілген тұлғалар қандай да бір табыс таппағаны және олардың сенімгерлік басқаруға беретін мүліктерінің жоқтығы анықталды.

Анықталған деректерге сәйкес тиісті шара қабылдау жөнінде мемлекеттік орган басшыларына ұсыныс жолданды.                 Жалпы талдау нәтижесінде 1 қызметшінің жұмыстан босатылуына байланысты жаза қолдану мүмкіндігі болмаса, Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімі басшысының бұйрығымен О.Ж-ке сөгіс, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті әкімінің өкімімен С.С-ке сөгіс, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының бұйрығымен Ә.Е-ға ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Мемлекеттік қызметке түскен адам осы шектеулерді жадында ұстағаны абзал.

Талғат Нұртаев,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<