Мерекеге орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақ

289

0

Бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай қойылған. Тілдер мерекесі қарсаңында аймақта бірнеше іс-шара ұйымдастырылады. Осы жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов тарқатты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деп атап өткен болатын. Тілдер мерекесі – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Осыған сәйкес, Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесінің негізгі шараларын 4-9 қыркүйек аралығында атап өтудің апталығын жариялаймыз, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Апталықтың алғашқы күнінде Қызылорда қаласындағы «Сыр бөбегі» және «Сыр жұлдызы» атты балабақшаларда «Тілді сүю – талбесіктен» атты акциясын бастау алды. Әрі қарай «Шешеннің тілі – шебердің бізі» атты облыстық полиглоттар байқауымен жалғасты. Бұған қоса, қалада «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль, мектеп және колледж оқушыларының арасында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбында пікірсайыс, «Туған тілде сыры терең жаным бар» лирикалық поэзиялық концерт, «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты облыстық ділмар шешендер байқауы, «Ана тілім ардақ тұтар айбыным» атты жыр кеші, «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында жалпықазақстандық диктант, этнос жастары арасында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» интеллектуалдық сайысы өтеді.

Сонымен қатар, мерейлі мерекеде тіл жанашырлары назардан тыс қалмайды. Олардың еңбегі еленіп, әртүрлі іс-шараларда марапат мінберінен көрінеді. Қаладан бөлек, аудан арасында да біршама байқау мен жыр кештерін өткізу жоспарлануда.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<