Мөлдірдің және бір жеңісі

1243

0

Қызылордалық Мөлдір Жаңбырбай каратэден өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты.

Айта кетсек, құрлықтық дода 18-22 желтоқсан күндері Алматы қаласында өткізілді. Сайыс барысында жерлесіміз сәтті ойын көрсетті. Қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, жеңімпаз тұғырынан көрінді.

Қызылордалық спортшы 50 келі салмақта алғашқы жекпе-жегінде Тайваньнан келген бәсекелесін 2:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін таиландтық қарсыласының 9:2 есебімен осал тұсын тапты. Жартылай финалда ирандық каратэші де қарсы тұра алған жоқ, кездесу 7:5 есебімен аяқталды. Финалда Мөлдір филиппиндік Джун Цукті жеңіп, жеңімпаз тұғырынан көрінді.

Мөлдір Жаңбырбай 1997 жылдың 18 мамырында дүниеге келген. Ол – каратэ-додан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері,  бірнеше дүркін ҚР чемпионаттарының, спартакиадалардың, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Жас ерекшелігіне қарай 3 дүркін Азия және 3 дүркін Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері атанды.

2020 жылғы Токио олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғады. Топтық кезеңде бес спортшының арасында үздік үштіктен көрінді. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<