Облыс әкімі су мәселесін көтерді

566

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын тұрақты түрде дамыту халықтың әл-ауқатын көтеру тұрғысында нақты тапсырмалар берілді.

Кеңейтілген отырыста бірқатар облыстың әкімдері өңірлерді дамыту мәселелерін қозғады. Облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қысқаша жыл қорытындысын баяндай келе, 2 өзекті мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, Сырдария өзені деңгейінің төмендеуі мен мұнай қорының сарқылуына байланысты маңызды жайттарды Президент назарына ұсынды.

Облыс әкімі вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқанын тілге тиек етіп, «Шардара» қоймасына қосымша 2 млрд текше метр су түспеген жағдайда қысқарған күріш егісі көлемінің өзін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмайтынын алға тартты. Бұл ретте, Үкімет тарапымен су тапшылығының алдын алу шараларын бірлесіп қарау керектігін жеткізді.

Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасына  жиналған су өткен жылдан 1 млрд текше метрге аз. Ал, «Көксарай» су реттегішіне судың мүлдем жиналмайтын қаупі бар. Сондықтан шаруалар вегетациялық кезеңде суды үнемдеу жолдарына көшеді. Суды аз қажет ететін малазықтық майлы дақылдар және картоп, көкөніс пен бақша дақылдарын егуге мән беріледі. 

Айту керек, Сырдария өзенінің төменгі ағысына босатылатын су деңгейін ұлғайту  мәселесі  Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерімен бірге келіссөздерде талқыланатын болады.

Президент өңір үшін аса маңызды негізгі мәселелер арнайы қаралатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<