Облыс экономикасында өсім бар, әйтсе де ширататын шаруа аз емес

253

0

Сейсенбіде  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен алқа отырысы өтті. Күн тәртібінде екі негізгі және қосымша үш мәселе қаралды. Негізгі мәселеде І жартыжылдықтағы аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жүзеге асуы, бюджет қаржысының игерілуі және инвестиция көрсеткішінің орындалуы мен индустриялық аймақтардың жай-күйі сөз болды.

Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеудің барын айтып,  көрсеткішті жыл аяғына дейін ұстап тұруды және орташа республикалық деңгейден жоғары болу қажеттігін қаперге салды.

Бірінші мәселе жөнінде облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндама жасап, негізгі көрсеткіштерді саралады.

Оның айтуынша, алғашқы жартыжылдықта негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім қалыптасып, облыс республика өңірлері арасында 2-орынды иеленді. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібі 5,8 процентке, ауыл шаруашылығы өнімі 1,5, сауда айналымы 1,8,  құрылыс жұмыстары 27,4, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 4,9 процентке артса, инвестициялар тарту 17,1, оның ішінде жеке инвестициялар 6,2 процентке ұлғайған. Маусым айында тұтыну бағалары индексі облыста 110,1 процент болып, республикалық орташа көрсеткіштен 0,4 процентке төмен қалыптасты (ҚР – 110,5%). Ал өңдеу өнеркәсібінде 107,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,8%-ті құраған.

Десе де, өндірістің артуымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің кейбір салаларында өндіріс көлемінің төмендеуі орын алған. Атап айтқанда, мұнай  өнімдерін өндіру көлемі 8,2%-ке төмендеген.

– Кен орнының табиғи ресурстарының азаюына байланысты «Қазгермұнай» кәсіпорны тауарлық құрғақ газ өндіру көлемін 74,9 млн текше метрге, сұйытылған көмірсутек газы өндірісінің көлемін 11,1 мың тоннаға азайтқан. Сондай-ақ, химия өнеркәсібі өнімдері 11,3 процентке төмендеген. Оның себебі «Вега Пром» серіктестігінің кафель жабыстыратын желім өндірісінің 85 процентке  немесе 795 тоннаға  азаюы. Машина жасау саласында өндіріс көлемі 18,2%-ке азайған. Себебі, сұйықтықты айдауға арналған насос шығаратын «Новомед Казахстан» серіктестігі тапсырыс көлемінің төмен болуынан өндірісті төмендеткен. Өңір экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту маңызды. Себебі, өңірдің перспективті дамуы осы өңдеу саласына байланысты, – деді басқарма басшысы.

Осы орайда ол ағымдағы экономикалық жағдайда ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесіне мән беру қажеттігін атады.

– Ол үшін, біріншіден,  индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылған 35 жобаның толық қуаттылыққа шығу жұмыстарын үйлестіру қажет. Бұл жобалар арқылы бүгінде 22 млрд теңгенің өнімі өндірілген, ал бұл – жалпы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімнің 20 проценті ғана. Екіншіден – өңдеу саласында тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысына мониторингті күшейту қажет. Себебі, саланың негізін қалап отырған бұл кәсіпорындарда шикізат жетіспеуі, дайын өнімді сатуда кедергілер, инфрақұрылымның ескіруінен өндіріс тоқтауы сияқты проблемалар туындауы мүмкін. Тұрақты мониторинг өндіріс көлемінің төмендеуі,  тоқтауы сияқты факторларды алдын алуға мүмкіндік береді. Үшіншіден – индустрияландыру картасына енгізуге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсынылатын жобаларды іріктеу барысында басымдықты облыста мүлдем өндірілмейтін немесе ішінара өндірілетін, тұрақты сұранысқа ие тауар түрлеріне беру керек. Облыстың тамақ өнеркәсібінде ірі өндірістер қажет. Мәселен, қант қызылшасын егу арқылы қант өндірісін дамыту, – деп нақтылады Н.Қордабай.

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ел экономикасын дамытуда жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инфляцияның тұрақтануы, ең бастысы, азаматтардың табысын арттыру негізгі факторлар екенін атап өткен болатын. Осы ретте жыл басынан бері, яғни, 5 қаңтар мен 12 шілде аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі облыста – 118 процентті, республикада – 117,6 процентті құраған. Осы кезең ішінде бірінші сортты ұн бағасы 22 процентке, картоп 26,4, сәбіз 36, қант 67,5 процентке қымбаттаса, жуа 2,7 есеге көтерілген.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша барлық аудандар мен Қызылорда қаласында экономикалық өсу тенденциясы қамтылды.

Мәселен, 7 негізгі экономикалық көрсеткіштің тек 3-уі (өнеркәсіп, өңдеу секторы және құрылыс жұмыстары) бойынша ғана Қызылорда қаласы, Қармақшы және Сырдария аудандарында төмен көрсеткіш байқалуда.

–    Облыс өнеркәсібінің 73 процентін алып отырған Қызылорда қаласында өнеркәсіп өнім көлемі 9,4 процентке төмендеді. Оның басты себебі – мұнай өндіру көлемінің төмендеуі.  Өйткені мұнай компанияларының басым көпшілігі Қызылорда қаласында тіркелген. Қызылорда қаласы бойынша төмендеген келесі көрсеткіш бұл – өңдеуші өнеркәсіп. Есепті кезеңде оның көлемі 5,4 процентке төмендеген. Дегенмен, өткен мамыр айына қарағанда өңдеу өнеркәсібінде 82,9 проценттен 94,6 процентке дейінгі өсім болған. Өңдеу өнеркәсібінің төмендеу тенденциясы Қармақшы ауданында орын алып отыр. Тамақ өнеркәсібінің 7,8 процентке, пластмасс бұйымдарының 3,5 процентке, жиһаз бұйымдарының 5,1 процентке төмендеуі салдарынан өңдеу өнеркәсібі 7,1, ал жалпы өнеркәсіп 5,1 процентке төмендеген. Ал Сырдария ауданында есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6 процентке төмендеп кеткен. Оның басты себебі – былтыр аудан аумағында мұнай-кен орындары жұмысшылары үшін 250 вахталық қалашық  құрылысы жүзеге асырылған, – деп атап айтты басқарма басшысы.

Биылға нақтыланған облыс бюджетінің өз кірістерінің көлемі 74 млрд теңгені құраған. Бұл былтырмен салыстырғанда 19,5 процентке артық. Оның ішінде салықтық түсімдер 60,2 млрд теңгені, салықтық емес түсімдер   3,7 млрд теңге, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 10,1 млрд  теңгені құрады. Ал бюджет шығысы жыл басынан бері нақтылау нәтижесінде облыс бюджеті бекітілген 387,3 млрд теңгеден 432,6 млрд теңгеге дейін артқан.

Бюджеттің игерілуіне келсек, биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыс бюджетінің түсімдері 102,9 процентке, оның ішінде бюджеттің өз кірістері 123 процентке орындалған.  Шығындар жоспары 99,9 процент. Игерілмегені – 266 млн теңге, оның ішінде үнемделгені 202 млн теңге болса, басқа себептермен игерілмегені 64 млн теңге.

Жиында көтерілген мәселеге байланысты  аймақ басшысы өз ойын білдіріп,  бірнеше көрсеткіштер бойынша қалыс қалған аудандар мен қала басшыларын сынға алды,  ескертулер жасады. Бұл ретте, өңір басшысы облыстың экономикалық тұрақтылығы аудандар мен қаланың қарқынды дамуына тікелей байланысты екенін, бірінші кезекте ішкі нарықты қажетті тауарлармен толтыру арқылы инфляцияны тұрақтандыруға баса назар аудару қажеттігін ескертіп, нақты тапсырмаларды міндеттеді.

–    Аудан әкімдері азық-түлік сақтау қоймаларын ашу жұмыстарын  әлі де жолға қоймаған. Ауыл тұрғындарына көкөніс, бақша өнімдерін өсіруге қосымша жер телімдерін беру туралы менің тапсырмамды ескере келе, бұл мәселе тіптен өзектене түсті. Осы орайда, 25 шілдеге дейін қажеттілікке қарай азық-түлік сақтау қоймаларын ашу бойынша ұсыныс енгізулеріңіз керек. Сондай-ақ, жауапты басқарма тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын қалыптастыру шеңберінде қол жеткізілген келісім-шарттардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру бойынша тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшілері облыс төңірегіндегі 300-ден астам жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етсін. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, салық базасын кеңейтуге және азаматтардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бюджеттің игерілуі 99,9 процентті құрауда. Жыл аяғына дейін осы қарқынды ұстауға ай сайынғы жоспарланған қаржының толық игерілуін және жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Алқа отырысында екінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбековтің хабарламасы тыңдалды. Ол  аймақтың инвестициялық әлеуеті мен қаржы тарту жұмыстарын баяндады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту. Былтыр  облысқа бекітілген жоспар 66,4%-ке орындалып, көрсеткішке қол жеткізілмеген.

– 11 шілдеде өткен Үкімет отырысында «Негізгі капиталға салынған инвестиция» көрсеткішінің жоспары қайта бекітілді. Жоспарға сәйкес биыл облысқа 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Осы жоспардың бүгінге тек 34,1%-і ғана орындалды. Аудандар бөлінісінде статистикалық мәлімет жарияланбағандықтан, 5 айдың көрсеткішіне тоқталып өтейін. Есепті кезеңде 5 ауданда, яғни, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорғанда инвестиция көрсеткіші төмен. Қала, аудан әкімдіктерінен жинақталған мәліметке сәйкес, биыл жалпы инвестициядағы жеке инвестиция көлемі 68,7%-ті құрап, былтырмен салыстырғанда 3,8%-ке төмендеу қаупі бар. Атап өту қажет, былтырмен салыстырғанда Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданында жеке инвестицияның жоспары жоғары. Сондықтан, қалған аудандарға былтырғы жылмен салыстырғанда 5 проценттік өсімге жұмыс жасауды ұсынамын. 4 ауданның ұсынысы былтырғы жылғы көрсеткіштен төмен. Олар – Қазалы, Жалағаш, Қармақшы және Сырдария аудандары. Аталған аудандар бойынша 2021 жылы 59 млрд теңге инвестиция тартылса, биылғы ұсынысы 39,9 млрд теңгені құрайды, яғни, 19,1 млрд теңге инвестиция жетіспейді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Инвестиция тартуда және жаңа өндірістерді ашуға оң әсер беретін инфрақұрылымның бірі – индустриялық аймақтар. Өңірде барлығы 512 га жерді құрайтын 6 индустриялық аймақ бар. Оның 39,2%-і игеріліп, орналасқан 61 жобаның 24-і іске қосылған. Жобалар іске қосылған уақыттан бері 61 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ондағы цемент зауытының үлесі 72%-ті құрайды. Индустриялық аймаққа биыл 8 жобаны орналастыру арқылы жер көлемін игеру деңгейін 39%-тен 44%-ке дейін жеткізу, яғни,  25,5 гектар жер учаскесін қосымша игеру жоспарлануда.

Екінші мәселеге байланысты өңір басшысы облыстық білім, денсаулық сақтау, автомобиль жолдары, табиғи ресурстар басқармаларының биылға арналған инвестиция жоспарының былтырғыдан төмен екендігін сынға алып, қаржы тарту бойынша жұмысты үйлестіруді тапсырды.

– Жоспарға сәйкес биыл  облысқа 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Осы жоспардың бүгінге тек 34,1%-і ғана орындалған. Мұса Оспанұлы, көрсеткіштердің толығымен орындалуына тікелей жауаптысыз. Баяндамаңызда атап өткендей, 3 ірі жоба бойынша 30,7 млрд теңгенің игерілмеу қаупі бар. Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика басқармаларында инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады. Сондықтан, қала және аудандардың, тиісті басқармалардың мүмкіндіктерін зерделеп, жоспарларын қайта қарап, көрсеткіштерін көбейту бағытында жұмыс жасау керек. Әкімдер тек мемлекеттік бюджеттің қаражатын игерумен қатар, белсенді түрде инвестиция тарту бағытында жұмыс жасаңыздар! Қажет болса шетелге шығыңыздар, ірі инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізіңіздер! Тек нақты нәтиже болуы керек. Облыс аумағындағы индустриалды аймақтардың да жағдайы мәз емес. Бүгінгі күні өндіріс орындарын құру мақсатында мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылымның барлығы жеткізілген арнайы учаскелердің көбісі бос тұр. Облыс бойынша 2014 жылдан бастап 512 гектар аумақта тек 24 ғана жоба жүзеге асқан. Жобалардың тек қағаз жүзінде ғана құрылатындығын айтумен келеміз. Әріптестер, облысымыздың экономикасы мұнай-газ саласына негізделгенін өздеріңіз білесіздер. Алайда, кен орындарының табиғи сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі күрт төмендегені де белгілі. Осы ретте, облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында жаңа өндіріс орындарын құруымыз қажет. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар,  – деді облыс әкімі.

Осы ретте аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне тиісті жауапты басқармалармен бірлесіп 10-шы тамызға дейін инвестиция тартудың арнайы жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыру бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді. Аймақ үшін күрмеулі мәселелер бойынша шұғыл шара қабылдап, алдағы уақытта оны болдырмауды қамтамасыз етуді тапсырды. Ал өз қызметіне атүсті қараған жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылатын болады.

Алқа отырысында жоғарыда айтып өткеніміздей, қосымша мәселелер ретінде денсаулық сақтау саласы, оның ішінде аймақтағы ана мен бала өлім-жітімі, коронавирус инфекциясының таралуы мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы талқыланды.

Өңірдегі ана мен бала өлімінің көрсеткіші туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың  хабарламасы тыңдалды.

Биылғы 6 айда облыста 9927 нәресте дүниеге келіп,  өткен жылмен салыстырғанда 1293 нәрестеге азайып отыр. Сонымен қатар, ана мен бала өлімі көрсеткіші де тұрақсыз жоғары деңгейде.  Жыл басынан бері ана өлімінің 3 жағдайы тіркеліп, көрсеткіш – 28,5-ті құраған. Межелік индикатор – 10. Республикалық көрсеткіш – 11,3. Өңірлер арасында ана өлім-жітімі бойынша біздің аймақ Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан кейін 4 орында тұр. 2020 жылы 12 ана өлімі тіркелсе, былтыр 10 қайғылы жағдай орын алған.

– Биыл ана өлімі Арал, Қазалы ауданаралық ауруханасында және Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасында орын алды. Ал сәби өлімі бойынша тоқталсақ, 6 айда 113 нәресте шетінеп, көрсеткіш 1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 11,4 промильді құрады.  Былтырғы 6 айда 94 жағдаймен 8,4 промильді құраған болатын.  Салыстырмалы түрде алғанда 35% -ке жоғарылағаны байқалды. Негізінен,  61 жағдай, яғни, 54 процентінде перинатальды кезеңдегi жағдайлар, 20 жағдай, яғни, 17,7%-і – туа біткен аномалиялар, 11 жағдай  немесе 9,7%-і – инфекциялық-паразитарлық себептер, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол ана мен сәби өлімінің көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін жағдай – кадр тапшылығы екенін айтты. Облыс бойынша босандыру ұйымдарының мамандармен қамтылу деңгейі, акушер-гинекологпен  қамтылуы  94%, анестезиолог-реаниматологпен – 65,6%, неонатологтармен – 90,3%.

– Облыс бойынша босандыру ұйымдарында барлығы 106 акушер-гинеколог жұмыс жасаса, оның 71-і оперативті техниканы меңгерген. Оның ішінде 6-ы  ғана кең көлемді оталар жасай алады. Бұл акушерлік шұғыл жағдайларда өте маңызды, соның салдарынан шалғай аудандарда жүкті әйелдер мен нәрестелер медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілмеуі мүмкін. Облыстық перинаталды орталық – өңір бойынша ұйымдастыру-әдістемелік, тәжірибелік оқу орталығы ретінде бекітіліп, кең көлемді оперативті техниканы үйрету мақсатында аудандық ауруханалардан мамандар белгіленіп, машықтығын шыңдау үшін  кесте бойынша жолдануда. Жалпы акушер-гинекологтардың 27 процентін  5 жылға дейін жұмыс өтілі бар дәрігерлер құрайды, 37 процентінің өтілі  10-20 жыл, 14 процентінде  20-30 жыл, 10%-не 30-40 жыл болса,  зейнет жасындағы 11 дәрігер қызмет атқарады, – деді С.Пазылов.

Сонымен қатар, әйелдердің денсаулық индексінің төмен болуы да өлім-жітімнің көбеюіне әсер етуде екен. Мәселен, соңғы 5 жылда қан айналымы жүйесінің аурушаңдығы 42,3%-ке  өскен. Әйелдер мен жасөспірімдерде қан және қан өндіру органдары ауруларының жоғары деңгейі байқалады. Облыс бойынша эндокриндік жүйенің, тамақтанудың бұзылуы мен зат алмасуының бұзылуы республикалық көрсеткіштен 2,7 есе жоғары, бұл көрсеткіш бойынша өңір ел бойынша алдыңғы қатарда келеді. Мәліметтерге сәйкес, аймақтағы жүкті әйелдердің 99%-інде белгілі бір экстрагенитальды аурулар бар, босанғаннан кейінгі кезеңде өлі туылу және асқыну деңгейі жоғары. Оған қоса, туу жасындағы әйелдердің жүктілікке даярлық бойынша атқарылған іс-шараларға қарамастан, жүктілік кезінде созылмалы аурулары бар әйелдердің үлес салмағы азаймай отыр. Қызылорда облысында әйелдер денсаулығының индексі республикалық көрсеткіштен 1,6 есе төмен болып, 48%-ті құрайды, ал республикада ол – 78%.

–    Ана және нәресте өліміне тікелей әсер ететін көрсеткіштердің тағы бірі – жүкті әйелдердегі экстрагенитальды аурулар және қауіп-қатер факторлары. Облыс бойынша жүктіліктің экстрагенитальды аурулармен сипатталу көрсеткіші жоғары. Жүкті әйелдердің 79%-де қауіп-қатер факторы бар, бұл республикалық көрсеткіштен екі есе жоғары. Бүгінде облыс бойынша 10493 жүкті әйел болса, оның 15-інде жүктілік мүлдем қарсы көрсетілген, 79%-і қауіп факторымен, 25%-і экстрагенитальды аурулармен тіркелген, – деп нақтылай түсті басқарма басшысы.

Облыс әкімі бұл мәселеге ерекше мән беріп, тиісті шараларды  шұғыл қабылдауды тапсырды және  басқарма басшысына бірқатар міндеттер жүктеді.

– Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар! Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар, жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет,  – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Алқа отырысында талқыланған мәселенің бірі – өңірдегі эпидемиологиялық ахуал. Жыл басынан коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастар саны 4918-ді құраған. Өңір «Жасыл аймақта» болғанымен аталған ауруды жұқтырған адамдар санын азайту бағытында тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туындады. Жиында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова облыс аумағындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бағытындағы шаралар туралы баяндады.

Аймақ басшысы коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша жауапты сала басшыларына кешенді жұмыс жүргізуді, оның ішінде вирус жұқтырған азаматтарды дер кезінде анықтап, ауруханалардағы төсек-орын мен қажетті дәрілік препараттардың қорын дайындауды тапсырды.

Өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы нашарлауда. Мәселен, жыл басынан қызбаға күдікпен 31 науқас тіркелсе, оның 14-і зертханалық сынама қорытындысымен расталды. 4 жағдай адам шығынымен аяқталды. Бұл орайда да облыс әкімі санитариялық-эпидемиологиялық департамент тарапынан қолайсыз 116 елді мекеннің анықталып, оған қажетті қаржы бөлініп, көктемгі дезинсекция жүргізілгенімен расталған жағдайдың өте көп екенін айтып, департамент жұмысын сынға алды. Сонымен қатар, қала және аудан әкімдеріне  шұғыл түрде өз аумақтарындағы елді мекендерде қора-жайларды, аулаларды кенеге қарсы өңдеу басталғанға дейін және жыл көлемінде тұрақты түрде қидан, қоқыстан таза ұстауды қамтамасыз етуді міндеттеді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу методикасын күшейту бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс. Сондай-ақ, облыс әкімі көтерілген мәселелерге қатысты қызметіне салғырт қараған тұлғаларға жауапкершілік шара көрілетінін айтты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<