Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 26 ақпандағы Жарлығымен бекітілген тұжырымдамаға сәйкес «Ең алдымен адамдар» қағидатын іске асыру бағытында жұмыс атқарады. Бұл қағидат азаматтардың пікірлері мен өтініштеріне жедел ден қоюға бағытталған.
Мемлекет әрбір азаматтың өтінішін қанағаттандыруға бағытталған сапалы қызмет көрсетуі қажет. Бұл бюрократиялық кедергілерді азайтып, азаматтардың өтініштерін қарау барысында артық әуре-сарсаңға жол бермейді.
Бүгінде департамент жұмысының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызмет берушілердің тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуіне бақылау жасау. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оны қалпына келтіру маңызды міндет болып қала береді.
Департаментке келіп түскен өтініштер мен шағымдар мұқият қаралады. Егер өтініш берушінің талаптары негізді деп танылса, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсынулар жолданады. Осылайша, шағымдарды қарау процесі жүйелі жүзеге асырылып, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделері сенімді қорғалады.
Жыл қорытындысы бойынша департамент 735 қызмет алушының бұзылған құқықтарын, шағымдарды қарау нәтижесінде 23 қызмет алушының құқықтарын қалпына келтірді.
Соның бір мысалы – «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тарту дерегі.
Қала тұрғынының шағымы негізінде департамент Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, қызмет алушының өтінішінен бөлім негізсіз бас тартқанын анықтады.
Кемшіліктерді жою туралы ұсынудан соң қала тұрғынына аталған мемлекеттік қызмет бойынша оң шешім шығарылып, бұзылған құқығы толық қалпына келтірілді.
Қашықтан мониторинг жүргізу арқылы анықталған заңбұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға сұрау салу арқылы 9 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Сондай-ақ ВАЖТ отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, қалалық, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне сұрау салып, 703 тұрғынға жылжымайтын мүлік объектілерінің мекен-жай нөмірлері қайта берілді.
Кейбір жағдайда өтініш иелеріне ешқандай жауап берілмеген. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік қызмет берушілерге анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұсынулар енгізілді.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра береді.
Егер сіз мемлекеттік қызмет алу процесінде заңнама талаптарының сақталмағанына куә болсаңыз, яғни мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бұзылса, негізсіз бас тартылса, артық құжаттар талап етсе, қызмет көрсету тәртібі бұзылса, құқығыңызды департаментке шағымдану арқылы қорғай аласыз.
Біздің мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы Сұлтан Бейбарыс көшесі 1.
Байланыс нөмірлері: 8 (7242) 70-56-36, 8 (7242) 70-00-40.
З.АРЫНОВА,
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Қызылорда
облысы бойынша
департаментінің
бас маманы





