Өзімізден шұлық шыға бастады

263

0

Нарықтың талабы жылдан жылға артып келеді. Оның қарапайым көрінісі күнделікті тұтынатын тауарларымыздың бағасы шарықтап, қолжетімді деген бұйымдарымыз да қол жеткізбейтін түрі бар. Ал бұған қарсы тұрудың амалы қайсы десеңіз, ең әуелі елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға көбірек көңіл бөлінуі қажет. Оның ішінде әр өңірде азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар шығаратын шағын өндіріс орындарын ашып, оған мемлекет қолдау танытса, отандық өнімнің ішкі нарықты реттеуге септігі тиер еді.

Аймақ тұрғындарын қуантқан бір жаңалық, қаламен іргелес «Ақсуат» ауылдық округінде шағын цех ашылып, шұлық шығара бастады.

Кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаева «AMANAT» партиясы ұсынған «Ауыл аманаты» жобасымен 5 млн теңге жеңілдетілген несие алып, сол қаражатқа соңғы үлгідегі қондырғы сатып алды. Осылайша көптен бері ойында жүрген іске бет бұрып, шұлық дайындау кәсібін қолға алды. Оның айтуынша, отбасылық кәсіп аясында жұмысын бастаған цех келешекте қосымша жұмысшылар қабылдайды.

Цех әзірге күніне 300 дана шұлық дайындайды. Оның ішінде 3 жастан жоғары балалар, әйелдер және ерлер шұлығы бар. Бағасы қолжетімді. Айталық, балалар шұлығы 100-150 теңге аралығында болса, ересектердікі 150-250 теңге аралығында көтерме бағада сатылымда. Ал өнімге қажетті шикізат, яғни, шұлық тоқитын сапалы жіп Ресей, Қытай, Өзбекстан сияқты мемлекеттерден тапсырыспен алынады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<