Ой көкжиегіндегі Оңталап

1284

0

Шалғайыңнан тартып шаршататын өмірдің әдемілігін өнер болмаса, ән мен өлең болмаса қалай сезінер едік. «Менен кейін пайғамбар тумайды, ақындар өмірге келеді» деген Мұхаммед алейкі саламның сөзіндегі даналықты осындайда ойға аласың.

Ақынды адамдарға көміліп жатқан рухани азықты аршып алып беретін археолог десек те болады. Қалай дегенде ақын – қарабайыр сөзді сүргімен жонып, сұлулықпен қаптап шығаратын шебер. Өзі сан сұрақтың жауабын таппай жүріп, шындықты шыныдай сүртіп жарқыратып қоятын да сол бейбақ. Оған бәрі таңсық, ол бұтақтан билеп түскен жапырақпен де сөйлесіп, жанын рахаттандырады. Қадыр ақынның «Тұлпарлар өледі артында шаң қалып, ақындар өледі бәріне таңғалып» дейтіні оның мінездемесі. Жұрттың бәрі көрмейтін әсемдікті әдіптеп отыратын ақынның «батин көзі» бар. Халық сондықтан да ақынды ұнатады, төріне шығарады.

Мен осы суреттеудің бәрін Сыр өнері мен мәдениетінде мәнді орны бар ақын Оңталап Базарәлиевке де қатысты айтып отырмын.

Аралдың тумасы, қазақтың ұлы дегенге лайық жан. Оны замандастарының «Дәу қазақ» деп атауы да тегін емес.

Жақында Арал жұртшылығы ақынның алпыс жасын тойлады. Жер-жерден келген игі жақсылар жылы лебізін арнап, сияпат жасады. Ал, Оңталап ашық күні бұлттай күңіреніп тұратын жырларын төкті.

– Отын жағып маздата жүрегінің,

Таңнан таңға жетікізген жыр өрімін.

Әнші, жыршы, ақыны, батыры бар,

Жігіттері сұңғыла Сыр елінің.

Қуат берген, күш берген Қызыр бабам,

Олар барда отбасы, түзің де аман.

Кім жетер Сырдың қайсар ұлдарына,

Уәдесі Құрандай бұзылмаған!

Біз бүгін осы мерейтой кезінде қолымызға тиген ақынның «Алау» атты жаңа жыр жинағын парақтап отырмыз.

Әлгінде айтқанымыздай, сөз әсемдігі әдіптелген шағын кітап ақынның шабытты шағын танытқандай.

– Ей, сұлулық құлпыра, құбылыңдар,

Жүрегімді жансебіл ұғыныңдар.

Сая таппай жүрсеңдер мына әлемнен,

Құшағыма кеп менің тығылыңдар…

Керемет емес пе, бұл – ақынның әлемді құтқаратын сұлулықты сүюі.

Жалпы, біз актер, ақын, журналист О.Базарәлиев жайында бір кітапты сүйіншілеу сөзінде түгел айтып тауыса алмасымыз аян.

Айтқымыз келгені Сыр кітапханасының сөресіне тағы бір сырлы туынды қосылды.

Мұнан бұрын «Игілік бастауы», «Армысыңдар, арулар», «Ақсұңқар» атты жыр жинақтары жарық көрген ақынға біз бүгін жасыңыз құтты болсын, жазарыңыз таусылмасын деген тілек білдіреміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<