Орман қоры ұлғайтылады

849

0

1979 жылы  Дүниежүзілік тіршілік ету ортасын қорғау күні 6 қазанболып белгіленді. Бұл мереке бүкіл адамзат үшін өте маңызды еді. Адам өзінің тіршілік ету ортасын сақтау мәселесіне немқұрайды қарамауы тиіс. Осы атаулы күннің негізгі құжаты  – жабайы фауна мен флора және табиғи мекендейтін жерлерді қорғау туралы Берн конвенциясы.   

Бүгінде Жер планетасында фаунаның тіршілік ету ортасын сақтау бүкіл әлем үшін жаһандық проблемалардың бірі болып отыр. Табиғат ортасын қорғау, адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу – еліміздің  басты мақсаттарының бірі. Сондықтан Қазақстан осы декларацияға қосылды.

Халықаралық деңгейде мұндай шешім тектен-тек қабылданбағаны белгілі. 1988 жылы 7 қаңтарда КОКП Орталық комитеті және КСРО Министрлер кеңесінің «Елде табиғатты қорғау ісін түбегейлі қайта құру» туралы Жарлығы шыққан болатын. Осыдан соң КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Табиғатты қорғау жөніндегі КСРО және республикалық мемлекеттік табиғат қорғау комитеттерін құру жөнінде шешімі қабылданып, салалық жұмыстар істеле бастады.    

Қандайда бір мемлекеттің табиғи ахуалы көрші елдерге өзінің кері әсерін тигізетіні белгілі. Мысалға айта кететін болсақ, біздің облыстың экологиялық және табиғи  жағдайы бірінші кезекте Арал теңізінің құрғау себебінен болды. Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі жылдары  мемлекет алдында осыған қатысты үлкен міндеттер тұрды.                                            

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Арал теңізінің мәселесі тек біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіретіндігін айтып, Орталық Азия елдерін осыны бірлесе шешуге шақырды. Тұңғыш Президент Аралды сақтап қалу мақсатында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын және облысты таратпау жөнінде тарихи шешім қабылдады. Ғасыр жобасы осылай пайда болған.

Осы ретте Сырдария өзеніне және Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі артып, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады, суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсартылды. Бұл өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік беріп отыр. Теңізде бұрын жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта көрініс тапты, балық аулау көлемі 400 тоннадан 5,0 мың тоннаға жетті. Жыл сайын облыстың питомниктерінде өсірілген әртүрлі балықтардың (дөңмаңдай, ақ амур және тұқы) 14,5-15,0 миллион шабағы өсіріліп, су айдындарына жіберіледі.

2017-2022 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың  өңірлік бағдарламасына тауарлы балық өсіру шаруашылықтарды дамыту шаралары енді. Аталған бағдарламаға сәйкес 2022 жылы тауарлы балық шаруашылықтардың саны 30-ға дейін және өндірілетін балық көлемін 477 тоннаға жеткізу жоспарлануда. 2020 жылы облыс бойынша кемінде 10 тауарлы балық өсіретін шаруашылық құрылатын болады.

Облыстың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жалпы көлемі 192 мың гектарды құрайды, оның ішінде Барсакелмес мемлекеттік қорығы да бар. Қорықтың аумағында шамамен 628 бас құлан, 215 бас киік және 142 бас қарақұйрық мекендейді. Қазір Аралдың тартылуынан Барсакелмес аралы құрлықпен қосылып,  оның популяциясы  Қасқақұлан аралына ауысты. Қорықтың бүгінгі күнгі қорғау режимі сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлер санының өсуіне оң әсер тигізуде.

Арал теңізінің құрғаған ұлтанында ұшқан шаң мен тұзды тоқтату мақсатында соңғы 25 жылдың ішінде Қазақстанның бөлігінде 194 мың гектар сексеуіл ағаштары егілді. Облыстық бюджет есебінен теңіздің құрғақ бөлігіне 6300 гектарға сексеуіл көшеттері отырғызылды.

2018-2020 жылдар аралығында Оңтүстік Корея Республикасымен бірлескен арнайы жоба жүзеге асырылып,  Арал табанына 13,3 мың гектар  сексеуіл егу жұмыстары жүргізілді.

Кешегі өткен 1 қыркүйектегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел алдында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында Президент 11 негізгі бағыттарды дамытуды айқындады. Осы негізгі бағыттардың бірі – экология және биоалуантүрліліктісақтау шараларына тоқталып, алдағы 5 жыл ішінде орман қорында 2 млрд  және елді мекендерде 15 млн ағаш көшеттерін отырғызуды тапсырды.

Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру мақсатында биыл күз айында орман тұқымбақтарының көлемі 22,6 гектардан 80 гектарға ұлғайтылады. Сөйтіп, біз осы тұқымбақтарда 5 жыл ішінде 60 млн астам ағаш көшеттерін дайындайтын боламыз. Алдағы 5 жыл ішінде облыстың мемлекеттік орман қорында 30 млн және елді мекендерде барлығы 1 млн астам ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Биыл орман шаруашылығы мекемелерінің 5,2 млн гектар орман қоры жерлеріне далалық орман орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап, елді мекендерде жасыл белдеулердің көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, Президент өз Жолдауында тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердегі стихиялық қоқыстарды болдырмау мақсатында «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізуді тапсырды. Бұл бастама өңір тұрғындарынан қолдау тауып, 3 қазанда  аймақтың барлық елді мекендерінде «Таза өлке» акциясы ұйымдастырылды. Акцияда елді мекен аумақтары, су жағалаулары қоқыстардан тазартылды. Бұдан бөлек, «Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күніне» орай облыс аумағында 17 қазанда «Ағаш отырғызу» акциясын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Б.ШАМЕНОВ,

облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<