«Orta» ашылды

428

0

Жастар мен жасөспірімдерге арналған демалыс орнының ашылу салтанатына облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, ардагер Сайлаубай Әбішев, ардагер спортшы Мектепхан Тәжмағамбетұлы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Хакімжан Елеусінов және өңіріміздің әр салада жетістікке жеткен белсенді жастары қатысты.

Ұлттық және заманауи үлгіде жабдықталған ғимаратта олардың бос уақытын тиімді  өткізуге барлық жағдай жасалған. «Орта ойыны» залында түрлі үстел ойындарын ойнаса, «IQ орта» бөлімінде интеллектуалды сайыстарға қатысады.  «Орта сазы» бөлімінде түрлі музыкалық аспаптарда  ән салады. Ал «Қолайлы орта» бөлімінде  кітап бұрышы, мәжіліс залы және логопед кабинеті мен тоғызқұмалақ, шахмат үйірмелері бар. «Skills орта» жобасында жастар кәсіби мамандықтарға машықтанады. Бір сөзбен айтқанда жаңа ортаға қосылып, уақытты көңілді әрі тиімді өткізудің мүмкіндігі. Жобаның авторлары әрі құрылтайшылары – Біржан Елеусінов, Ақтілек Темірбайұлы. Белсенді жастар ғимаратта  түрлі жобаларды жандандырмақ.

Орталық жұмысымен танысқан ардагерлер ақ баталарын берді. Ал Алмасбек Әбілқасымұлы белсенді жастарға сәттілік тіледі.

Айта кету керек, мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы мақұлданып, «Жастар» санатының жас шегі 29-дан 35-ке дейін ұлғайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, Қызылорда қаласында бұрын 29 жасқа дейінгі 68 мың 705 жас болса, қазір 14 пен 35 жас аралығында 94 261 жас бар. Олардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін мұндай орталықтар қажет-ақ.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<