Қос оқу орны мерейтойын атап өтті

401

0

Облыс орталығында «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының 20, Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің 15 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өтті. Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген қос оқу орны бүгінде мамандарды даярлау ісінің озық жетістіктері мен заманауи білім беру үлгілерін игерген. 

Жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып оқу орындарының ұжымын құттықтады.

 Аймақтағы сұранысқа сай маман даярлау ісінде өзіндік тәжірибесін қалыптастырған оқу орны алғашында Қызылорда инженерлік-экономикалық институты болып ашылса, 2009 жылдан бастап «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты болып қайта тіркелген. Ал 2004 жылы институт жанынан Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі құрылған. Бүгінде институт бакалавриаттың 16, колледж 25 мамандық бойынша ел дамуына қажетті маман даярлайды. Биылғы оқу жылында институтта 1212, колледжде 624 студент білім алуда.

Шара аясында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры Қылышбай Бисенов, Тимирязов атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясы – Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің, Қырғыз-Ресей-Славян университетінің  профессор, оқытушылары және облыстағы жоғарғы және арнаулы білім беретін бірқатар оқу орындарының басшылары сөз сөйлеп, институт пен колледж ұжымына жетістіктер тіледі.

Қос оқу орнының мерейтойы аясында бірқатар ғалым, оқытушыларға «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының Құрметті профессоры» атағы беріліп, «Қорқыт ата атындағы Алтын медалі» табысталды. Сондай-ақ, университеттің бірқатар ғалым, оқытушылары білім беру ісіндегі жетістіктері үшін марапатталды.

Мерейтой аясында университеттің тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильм көрсетіліп, жиын соңында мерекелік концерт қойылды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<