Отыз жылдан кейін оралған «Армандастар» ансамблі

4499

0

Жалағаш ауданына қарасты «Еңбек» ауылында 1983 жылдары ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Армандастар» вокалды-аспапты ансамблі алғаш өнер көрсете бастаған еді. Ансамбль мүшелері сол кездегі 20-25 жастағы қыз-жігіттер болатын.

Өнер ұжымы он жылдан астам ауыл, аудан халқына мәдени қызмет көрсетті. Кейін өмір ағымымен отбасылы болып, жан-жаққа тарап кеткен. Арада 30 жыл өткенде «Армандастар» ансамблі өнерсүйер қауыммен қайта қауышты.

Концертте вокалды-аспапты ансамбль өздері шырқаған әндерді сахнаға алып шықты. Атап айтқанда, «Қызылқұмда ауылым», «Әдемі-ау», «Жас қалам», «Тұмарым», «Той жыры» сияқты танымал әндерді көрермендер қосыла шырқады. Айта кетейік, ауылда  40 жылға жуық тарихы бар «Батыр аналар» ансамблі бар. Ансамбль мүшелері концертке дейін ақ жаулықты аналардың батасын алып,  ыстық ықыласына бөленді.

Шығармашылық кешке Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, алыс-жақыннан жиылған өнер ұжымына құрмет білдіріп, аудан басшысы Ардақ Ибраимовтың Құттықтау хаты мен ықылас гүлін табыс етті.

Ансамбльдің алғашқы ұйымдастырушысы Ермекбай Шәймаханұлы бүгінде жетпіс жастың ортасына келген зейнеткер. Ол кісі еліміздің әр түкпірінде, түрлі мамандықты игеріп, қазір зейнет жасына жеткен ансамбль мүшелерінің 30 жылдан соң осылай бас қосып, ауылдастарына концерт беруі өзіндік тарихы бар, өте тағылымды жиын болғанын айтады.

Иә, расында бұл ретро әндер концерті болды, 1983 жылы ансамбльдің алғашқы құрамында өнер көрсеткен Алтынбек Нақыпбекұлы, Қоныс, Болыс Медеуовтер, Рабиға Тоқсейітова, Сәбира Әжімбекова, Ләззат Әбжәлелқызы, Жұпар Айдарбекова, Раушан Жәметқызы, Сағат Ертуғанов, Рамазан Жыржиысовтар қайта сахнаға шықса, олардың қатарын Алмас, Алмат Медеуовтер, Жомарт Жарылқасынов сияқты өнерпаздар толықтырды.

«Армандастардың» алғашқы көркемдік жетекшісі Болат Асанбаев  жұбайы Сағынышпен бірге ән шырқап, көзкөрген ағайынды, замандастары мен өнерге құштар жас буынды  кешегі күндердің керемет сәттерімен қауыштырды. Ал ансамбль әншісі Алтынбек Нақыпбекұлының ұлы мен келіні, танымал жас әншілер Жарас пен Айдана әдемі кештің әрін келтіріп,  жаңа әндерін шырқады.

Отыз жылдан кейін оралған «Армандастар» вокалды-аспапты ансамблінің концертін ауыл тұрғындарынан бөлек, көршілес ауылдардан да көрермендер келіп тамашалады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<