«Pfizer» вакцинасының тиімділігі қандай?

848

0

2021 жылдың 19 қарашасындағы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша  722 адам «Pfizer» вакцинасын салдырды. Оның ішінде 122 жүкті, 80 лактация кезеңіндегі әйел бар. Ал өңірде ата-анасының рұқсатымен 12-17 жас аралығындағы 520 жасөспірім екпе қабылдады.

Бүгінгі күндері облысқа «Pfizer» вакцинасының 23400 дозасы жеткізілген. Мамандардың айтуынша, ол 12-18 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанына 42 күн болған бала емізетін әйелдерге арналған. Бұл мақсатта ата-анасының рұқсаты алынған. Айта кетерлігі, екпе ата-анасының рұқсаты бойынша жасөспірімнің өз қалауымен жүргізілуде.

Қазіргі таңда «Pfizer» вакцинасы әлемнің көптеген елдерінде қолданысқа енгізілді. Мәселен, АҚШ-та оны балаларға 5 жастан бастап салу мақұлданып отыр. Ал Франция, Дания, Германия, Ирландия, Италия, Испания және Польша секілді еуропалық елдерде бұл вакцина 12-15 жас арасындағы балаларға қолданылуда. Қазан айының басынан Украинада 12 жастан асқан балаларға оны қабылдауға рұқсат етілді. Қазірге дейін мұнда 12-17 жас арасындағы 13,5 мың бала екпе салдырған. Бұл елдердің қатарын Өзбекстан да толықтырып, қыркүйек айында америкалық вакцинаның 1,2 миллион дозасы жеткізілген. Жалпы, аталған мемлекеттерде екпе қабылдаған өрендердің иммунитеті артқан.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мамандарының айтуынша, аталған вакцина тырысқақ, туберкулез сияқты індеттерді жеңуге көмектеседі. Құрамында иммундық қорғаныш тудыратын вирус жоқ. Ол инфекция тудыруы мүмкін емес.

– Бір құтыда сұйылтқаннан кейін 6 доза бар.  Вакцинация жүргізу алдында COVID-тің және коронавирусқа антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. Қатерлі індетпен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін вакциналау алдындағы жай-күйін бағалау ескеріледі. Олардың сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакциналануға мүмкіндігі бар, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекциялық ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Жанар Жетілгенова.

Мамандардың айтуынша, бастапқы кезеңде коронавирусқа қарсы профилактикалық егуі 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге жүргізіледі. Келесі кезеңде 12-15 жастағы жасөспірімдер рет-ретімен вакциналанады. Айта кетерлігі, бүгінгі күнге облыс бойынша емдеу ұйымдарында әр контингент бойынша тұрғындар саны дайын.

Жақында медициналық колледжде білім алып жатқан 70 студент «Pfizer» вакцинасын салдырды. Баласына екпе қабылдауға келісім берген ата-ананың бірі – Жанар Нақыпова бұл дұрыс шешім болғанын айтады.

– Медициналық колледжде ұлым «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алуда. Мен баламның қатерлі дертке қарсы вакцина салдыруына келісім бердім. Ол алғашқы болып екпе салдырды. Басында қобалжыған едім. Ұлымның өзі де қарсылық танытқан жоқ. Қазіргі таңда басты мақсатымыз – халықтың амандығы. Осындай дұрыс шешім жасау арқылы қатерлі індеттің таралуын тоқтата аламыз», – деді ол.

Оқу орнында білім алып жатқан студенттер өздерінің мамандығына сәйкес вакцина салдыру оң шешім екенін айтады. Солардың бірі – Шахризада Әнуарбекова «Денсаулығымда ешқандай кері әсер болған жоқ. Болашақта медицина маманы боламыз. Сондықтан біз вакцина түрлі қатерлі індеттің алдын алатынын білеміз. Сол себепті екпе қабылдауға ата-ананың рұқсатымен келісім бердім» дейді.

Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде ревакцинация мәселесі кеңінен қозғалуда. Вакцина салғаннан кейін ағзада шамамен үш апта өткенде коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Антидене вирусты анықтап, оған қарсы қалай күресу керегін біледі. Алайда уақыт өткен сайын ағзадағы антидененің мөлшері азайып, вирусқа қарсы қорғаныс нашарлайды. Мұның алдын алу үшін тағы екпе алу керек.

Елімізде вакцина алғандардың басым бөлігі «Спутник V» салдырған. Бұл вакцинаның екінші дозасын алған  соң 9 айдан кейін үшінші компонентін салдыруға болады. Ал Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in вакцинасын салдырғандарға 6 айдан кейін ревакциналауға рұқсат етілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ревакцинацияны кем дегенде жарты жылдан соң салдыру керегін айтады. Одан ерте салдыру денсаулыққа зиян болуы мүмкін.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<