Қайраткер қаржыгерлер халық жадында

571

0

Аймақта қаржы-экономика саласының 100 жылдығы мерекеленді. Атаулы күнге орай, Тұңғыш Президент атындағы саябақта  «100 жылға – 100 ағаш» экологиялық акциясы өтті. Сала ардагерлері мен мамандары 100 түп көшет отырғызды.

Одан әрі игі шара қажырлы еңбек еткен сала ардагерлерін еске алумен жалғасты. Жиналғандар белгілі қаржыгерлер Уақаб Мерьякулов, Камал Шөкенов, Бименді Баймаханов, Секен Сүлейменов, Мырзатай Есмаханов атына берілген көшелерге барып, әріптестері туралы естеліктерді бөлісті.

− Секен Сүлейменов − еңбек ардагері, Қармақшы аудандық кеңесінің депутаты болып екі мәрте сайланған, ҚазССР Қаржы министрлігінің шешімімен облыста ең бірінші аудит қызметін басқарды. Жемісті еңбек етті. Жас мамандарға жол көрсетті, − деп еске алды сала ардагері Нұрлыбай Ұлықпанов. 

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков  облыс экономикасының өркендеуіне, қоғамдық жұмыстарға сүбелі үлесін қосқан қаржыгер, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі», тыл және еңбек ардагері, профессор Камал Шөкеновтің өнегелі ғұмырын ұрпаққа үлгі етті.

Ардагерлер Уақаб Мерьякулов, Мырзатай Есмахановпен бірге қызмет істеген жылдардағы ерекше оқиғаларды айтып, азаматтық қасиеттерін сөз етті.

− Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары   мемлекет   қаражатын тиімді үйлестіру, қаржылық бақылау, салық мәселелері үлкен жауапкершілікті талап етті. Саналы ғұмырын қаржы саласын дамытуға арнаған азаматтардың өлшеусіз еңбегін құрмет тұтамыз. Қиындықтарға қарамастан, істі үйіріп әкететін басшылардан жоғары адамгершілік қасиеттерді, қызметке деген адалдықты көрдік. Ел дамуына барлық ардагердің қосқан үлесі ұшан-теңіз, − деді сала ардагері Дайрабай Ысқақов.

Әріптестері ардагерлердің ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<