Қайтарымсыз грант кәсіпке кең жол ашты

342

0

Өткен жылы шағын кәсіп бастаймын деген 459 адамға қайтарымсыз грант тағайындалды. Алайда 32 адам берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланбай, басқа мақсатқа жұмсаған. Олардың қаражатын кері қайтару үшін мамандар сот органдарына жүгінуге мәжбүр. Биыл 484 адамға грант беріледі деп жоспарлануда.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Мансап» орталығы филиалының мамандары жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Алдымен «Сабалақ» саяжайындағы жылыжай жұмысымен таныстық. Үшінші топ мүгедегі Дархан Қалыбеков өткен жылдың күзінде 1380000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған. Осы қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жылыжай ісін дамытуда. Есік алдындағы жерді тереңдігі 5,5 метр етіп қазып, онда қызанақ пен қияр еккен. Екі түп лимон ағашының көшеті де жайқалып тұр. Ерте көктемде өнім алуды жоспарлап отырған кәсіпкер бір түп 10 келідей қияр беретінін айтады. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, өзге де жеміс түрлерін баптауды жоспарлауда.

 Мұнан кейін Астана даңғылында орналасқан тігін цехының жұмысын көрдік. Қала тұрғыны, көпбалалы ана Перизат Ашықбаева да мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дамытуда. Тігін саласында 8 жылдан бері тер төгіп келетін ол балалар киімдерін тігуді қолға алған. Бүгінде бір адамды жұмыспен қамтып отыр.

–    Балаларымның аллергиясы болғандықтан, кез келген киімді кигізе бермеймін. Қазір мұндай бала өте көп. Сондықтан кішкентайларға ыңғайлы, денесіне жұмсақ жатарда киетін және спорттық киімдер тігу үшін өзімнің бизнес жобамды ұсынған болатынмын. Жобамның қолдау тапқанына қуаныштымын. Кәсібімізді кеңейтіп, өзге де бұйымдар тігуді қолға алмақпыз, – дейді көпбалалы ана.

«Қарауылтөбе» ауылдық округінің тұрғыны Нұрлан Смағұлов – бөдене шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкер. Мемлекеттен берілген  қайтарымсыз грантқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бастапқыда 400 бөденемен кәсіп ашқан ол қазір оның санын 4 мыңға жеткізген. Ет және жұмыртқа бағытын дамытып келеді.

–       Бүгінде бөдененің жұмыртқасы мен етіне сұраныс көп. Бізден базардағы сатушылар көтерме бағамен алады. Емдік мақсатта сатып алатындар да баршылық. Бір данасын 30 теңгеден өткіземіз, – дейді кәсіпкер.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<