Қамшыбекке құрмет

1018

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұсында басқа да салалармен қатар Сыр спортында серпін байқалады. Оған кейінгі жылдары өңірде салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етушілердің артуы дәлел. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған мәліметке сай, бүгінде көрсеткіш 31,3 процентке жетіп, спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 254 мыңнан асқан. Халықты бұқаралық спортқа тарту, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін дамыту назарда. Бастысы, халықаралық аренада көк туымызды көкте желбіретіп, аймақ абыройын асқақтатып жүрген дарабоздарға демеушілер тарапынан қолдау толастаған емес. Облыстық бокс федерациясы жұмысының жандануына 13 жылдан бері үзбей үлес қосып келе жатқан «Қор» мұнай компаниясы АҚ соның қатарында.

Жақында компания Токиодағы әлемдік бәсекеде алтынға бергісіз қоланы қанжылаған Қамшыбек Қоңқабаев пен бапкері Сейітжан Төкеновке құрмет көрсетіп, 15 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табыс етті.

Жиынға спортты алға сүйреуге атсалысып жүрген бірқатар сала өкілдері қатысты. Кездесуде компанияның бас директоры Дәулет Ұзақов Олимпиада кезеңінде ел тақымын қысып, жанкүйерлік еткенін, Сыр саңлағы көптің сенімін сүйіншілейтін жаңалығымен ақтағанын айтты және әлі талай сында ел абыройын биікке көтеретініне сенім білдірді.

– Президенттен мемлекеттік Туды алу – зор сенім. Бұл міндет жерлесімізге жүктеліп, Қамшыбек байрағымызды Олимпиада тө­рінде желбіретті. Дүниенің төрт бұрышы түгел көз тіккен Токиодан қуанышты хабар жеткенде мерейіміз тасыды. Ақтық текетіресте Қамшыбек тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеп, өңірдің спорт тарихында алғаш рет бокстан Олимпиада медалі қоржынға түсті. Бұл – бар қазақ үшін, әсіресе сырбойылық спортшы қауым үшін зор мәртебе, – деді Дәулет Ұзақов.

Кездесуде боксшы өткенге көз жүгіртіп, естеліктерін бөлісті. 13 жасынан бастап спорттың осы түріне бет бұрғанын, түрлі додаларда қолғап түйістіргенін және соның әрбірінде демеушілердің көмегі маңызды болғанын айтты. Жігерлі жас компания ұжымына спортқа, бокс федерациясына осы уақытқа дейін көрсетіп келе жатқан үздіксіз қолдауы, ел ағаларына саланы ілгерілетудегі тынымсыз еңбегі үшін ризашылық білдірді және бұл демеудің алдағы уақытта жас спортшылардың қиялына қанат бітіретінін жеткізді.

Айта кету қажет, 1995 жылдан бастап «қара алтын» өндірісін қолға алған компания тек спортқа ғана емес, білім мен мәдениет секілді сан салаға серпін беруде. Бұған дейін қала шетіндегі әл-Фараби ауданы мен Қарауылтөбе ауылын жалғастыратын күре жолдың ашылуына, қызылордалықтардың өзенді жағалай жүріп, әсем жағалауды тамашалауына және өзге де бастамаларға демеушілік жасаған компания қала орталығынан балаларға ойын алаңын салуды назардан тыс қалдырған емес.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<