Қарулы күштердің қатары толықты

322

0

Отан қорғауды өздерінің қасиетті борышы санайтын жастардың кезекті легі әскерге аттанды. Барлық тексерістен мүдірмей өткен, сайдың тасындай іріктелген 40 бозбала еліміздің Қарулы күштерінің қатарын толықтырды.

Әскерге шығарып салу іс-шарасына облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Ғалымжан Тасжанов, облыс әкімі аппаратының жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының басшысы Ерлан Бисенов, әскери қатынастар комендатурасының әскери коменданты, майор Ардақ Зейнуллаев пен сарбаздардың ата-аналары жиналды.

– Отанға адал қызмет етемін, өз еркімен әскерге барамын деген жастардың қатары жыл өткен сайын артуда. Міне, бүгін солардың бір бөлігі Қапшағай қаласында орналасқан әскери бөлімге барып, десанттық шабуылдаушылар қатарына қосылмақ.  Әскерге аттанғандардың  ең жасы – 18-де, ең үлкені  – 27 жаста. Жалпы, биыл күзгі науқанда облыс бойынша 800, оның ішінде шекара қызметіне 400 азамат жіберілмек. Бүгінге дейін 200-ден аса азаматты аттандырдық. Қалғаны жыл соңына дейін әскерге кетеді. Енді қараша айында Ұлттық Ұланға 300-ге жуық сарбаз аттанады. Негізі күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады, – деді облыстық қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Алмат Жақыпов.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша 1500-ге жуық сарбазды әскерге аттандыру межеленген. Сарбаздар бұған дейін сәуірде Қарулы күштер қатарына, ал мамырда Ұлттық Ұланға іріктелген болатын.

– Қазір жас сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Әскерге аттанатын жастардың несиелері болса, борышын өтеп келгенше несие төлеу міндеті уақытша тоқтатылады. Ол үшін банктермен келісім жасалған. Тек әскерге баратыны туралы анықтаманы банкке тапсырса болғаны. Тағы бір айта кететін жеңілдік, әскерге барып келген сарбаз ҰБТ тапсырмай-ақ, қалаған оқу орны мен мамандығына грантқа түсуге мүмкіндік алады, – деді подполковник.

Салтанатты шарада ҚР Қарулы күштері ардагерлерінің мүшесі Жарқынбике Шарапова сөз сөйлеп, жастардың Отан алдындағы қызметін абыроймен атқарып оралатынына сенім білдірді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<