Қазақтың ақ келіні  Наташа

292

0

Фото: gov.kz

«Адам жылап туады – жатады жұрт

жұбатып,

Адам жылап өледі – өзгені де жылатып.

Жылайтыны туғанда – жамандар бар

қинайтын,

Жылайтыны өлгенде – жақсылар бар қимайтын», – деп Қадыр Мырза-Әли ағамыз жазғандай, баршамызды жылатып, арамыздан Наташа келініміз бақилыққа кенеттен аттанғаны жанымызға ауыр тиді.

Өмір көшкен керуен, аққан дария секілді. Бір көш келіп, бір көш кетіп жатады. Дегенмен, сол көштің өз мерзімімен, жолымен кеткеніне не жетсін.

Наталья Васильевнаның өз көшінен ілгері кеткені баршамыздың жанымызға ауыр тиіп тұр. Қазақ аспанында тағы бір жұлдыз сөнді. Қазақтың тағы бір үлкен жүрегі – Ана жүрегі тоқтады.

Елінің ажары, мәртебесі, отбасының тұт­қасы болған азаматшадан айырылып отырған халқына, арқа сүйер рухани тірегінен айрылып отырған Жанат қайын сіңлісіне, адаспай тапқан бақыты – мәңгі махаббаты болған Бағдат ініме, Наташа тәрбиелеген елінің азаматы Ғабит пен келініне, немерелері мен Наташа өз анасындай күткен қайын енесіне қайғыра көңіл білдіреміз.

Наталья Васильевнаның жылы алақаны­ның табы тиген қаншама шәкірттері де бүгін жетімсіреп қалды.

Наталья екеумізді Қазақстан халқы Ассамблеясы таныстырды. Мен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері ретінде кезекті сессияда сөз сөйлейтін адамдарды таңдау жұмысымен Қызылорда облысына хабарластым. Облыс өкілі Н.Жұмаділдаеваны ұсынды. Сөйлесе келе таңдауымыз дұрыс екеніне көзіміз жетті. Білімді, білікті маман, адамгершілігі мол жан екен.

Таныса келе ұққаным – мордва ұлтында туған қыздың маңдайына Алла қазақ әйелі болуды жазған екен. Наташа – табалдырығын адал аттаған жар, киелі келін деген атына кір келтірмеген әйел, аяулы ана, ақылгөй ене, парасатты әже дәрежесін толығымен, заңдылығын бұзбай орындаған адам.

Негізі, ер жігіттің бақыты алған жарына байланысты екенін қазақ атам айтып кеткен. Бағдаттың жеткен жетістігінің артында Наташаның ешбір жанға көрінбейтін ерен еңбегі, үлкен үлесі, жылы жүрегі жатыр.

Келіндік адалдығына біз куә болдық. ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сай­ланғанда Орталық сайлау комиссиясына барып «Мен бір үйдің жалғыз баласына шыққан келінмін. Атам мен енемді тастап кете алмаймын. Үй беретін кезде осыны ұмытпаңыздар» деген. Астанада бұл әңгіме ауыздан ауызға тарап, қаншама адамды таңғалдырды.

Іскерлігімен көзге түсіп, өзінің адалдығы мен әділдігі арқасында сыйлы бола білген Наташамыз арамыздан бір күнде ғайып болды.

Жазмыштың жазуы… Алланың шешімі.

Дегенмен, өмірге сонша құштар, халқына әлі де берері мол жанның арамыздан кетіп қалғаны жанымызға қатты батты.

Алланың арамыздан асылдарды алдымен алып кететіні – бағасын білсін дегені шығар. Қазақтың ақ келіні Наташа, бақұл бол!

Топырағың торқа, жатқан жерің жәннәтта болсын!

Нәзипа ШАНАИ,

ҚХА республикалық

Аналар кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<