Қазақтың күш-қуатын мойындатқан

869

0

Таяуда Түркияның Стамбул қаласында армрестлинг спортынан бүкіл әлем асыға күткен Шығыс пен Батыс спортшылары арасында жекпе-жек сайысы өтті. Ел-жұрт мұны телеарналар, YouTube арнасынан көріп тамашалады.

Бұл сайысқа қазақ елі атынан үш спортшы қатысып, екеуі ел абыройын асқақтатты. Шардара армспорт мектебінің түлегі Сарыбай Ердәулет әлемнің бірнеше дүркін чемпионы түркиялық Юсуф Илдызогулыны 3-0 есебімен ұтты.

Ал, жарыстың ең басты сайысы АҚШ-тың атақты спортшысы, 26 дүркін әлем чемпионы Джон Брзенк пен қазақстандық 28 жастағы Қыдырғали Оңғарбаевтың арасындағы жекпе-жек еді.

Қазақ балуаны Джонды 3-1 есебімен жеңіп, өзіне әлем назарын тағы бір аударды.

Армрестлинг – қызық спорт.Мұнда салмаққа қарап жатпайды. «Күш атасын танымас» деген қазақтың ұстанымына негізделген секілді.

Сонымен бірге, мұндағы спортшылардың түр-тұлғасынан топшып кім жеңетінін айту қиын. Мәселен, Қыдырғалидың қасында Джонның тұрқына қараудың өзі жүрегіңді селт еткізеді. Тамыры білеуленген, білегі түйенің мойнындай. Мұны қалай жеңуге болады? Бұл жерде білек күшіне ғана сенуге болмайды екен. Дәл осы тұста «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мәтелдің кезегі келеді.

Қыдырғалидың бойында менде қазақтың намысы бар деген күш атойлап тұрады, рух қуаты мықты. Бұған қоса қол күресінің әдістерін – жылдамдықты, босаңсымауды жақсы игере алады. Сенімін жықпаса, небірін жығатынын жақсы түсінеді.

2018 жылы «Злотый Тур» жарысында тамаша өнер көрсетіп, әлемнің ең үздік 8 қолкүресшісі жиналған «ТОП 8» сайысына шақырту алды.

2019 жылы армрестлингтен (қол күресінен) кәсіпқойлар арасында әлемнің ең мықты «TOП 8» спортшылары Малайзияда бақ сынады. Бұл сында Қыдырғали Оңғарбаев өзінен елу келі ауыр салмақтағы польяк Алекс Курдечаны 5-1 есебінде жеңді.

Қыдырғали туралы біле жүріңіз. Ол 1994 жылы Шардара  қаласында дүниеге келген.  «Шардара Армспорт» клубының бас жаттықтырушысы және негізін қалаушы Арман Қарсыбаевтың шәкірті.

 Оң қолымен де, сол қолымен де қарсыласын қайырып түсіретін нағыз мықты. «Батырға оң-солы бірдей» деген рас.

2014 жылы «A1 Russian Open» турнирінде ол сол қол жекпе-жегінде Евгений Прудник пен Спартак Золоев сияқты көрнекті спортшыларды, сондай-ақ, оң қол жекпе-жегінде Артем Тайнов пен Владимир Мнацаканян сынды мықтыларды жеңді.

2015 жылы армрестлингпен аса құмарта айналысатын Оңтүстік Корея «Корейлермен жекпе-жек» деп аталатын турнир ұйымдастырған болатын. Өзіне қарсылас шақ келтірмеген Қыдырғалиды олар турнир аясында «Король үстелі» деген сайысқа шақырады. Бұл сайыста қазақ батыры бірінен кейін бірінің қолын бұрап, 37 корей жігітін жеңді.

Бұған қалай таңғалмассыз. Кейде мен осы бейнетаспаны қайта-қайта көремін, жеңіліп жүрген проблемаларымды ұмытып, жеңілдеп қаламын.

Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азияның үш дүркін чемпионы, Әлем чемпионы Қыдырғали бауырымыз  жаһан дүниеге өзінің ғана емес, қазақ деген халықтың да мықтылығын паш етіп жүр.

Аталарымыздың айбыны мен атан көтерген қуатын бойына дарытқан Қыдырғалидың әлемді әлі талай таңғалдыратынына сенемін.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<