ҚМДБ Палестина мен Израиль арасындағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады

286

0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Палестина мен Израиль арасындағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚМДБ-ның ресми өкілі Ағабек Қоңырбайұлы мәлімдеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын Құдыс жерінде болып жатқан қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреді және қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бейбіт жолмен, өзара ымыра аясында шешілуін тілейді.

Адамзат баласын бірлік пен игілікке шақырған пайғамбарлар ізі қалған қасиетті мекеннің бүгінде соғыс алаңына айналып, мыңдаған бейкүнә жандардың, әсіресе сәбилер мен бейбіт тұрғындардың оққа ұшып, қаза табуы баршамыздың жанымызға қатты батуда. Ауыр жарақат алып, үрей құшағында өмір сүріп отырған жандардың тез сауығып кетуін тілейміз, – делінген мәлімдемеде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тараптарды бейбіт келісімге келуге және қантөгісті шұғыл тоқтатып, халыққа зарар келтірмеуге үндейді. Сондай-ақ, Палестина халқының халықаралық келісімдер мен резолюцияда бекітілген тарихи құқығын қолдайтындығымызды мәлімдейміз.

Еліміздегі барша мұсылман қауымын қасиетті мекеннің тыныштығы мен амандығы үшін дұға жасауға шақырамыз. Алла Тағала жер бетін түрлі бүліктер мен соғыстан аман еткей, – делінген құжатта.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<