Қоғам дертіне жас буын қарсы тұруы тиіс

660

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңірде көптеген жарқын бастамалар іске асырылуда. Мерейлі мереке қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтағы департаменті бірлесе ұйымдастырған облыстық жастар форумы өтті.

Қоғамның қай саласында болсын, жастардың орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жас әрі жастардың мемлекеті. Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші» деп ел тірегі болар буынға үлкен сенім артты.

Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биікте. Олардың бойындағы қабілетті дамытуға Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап-ақ ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды гүлдендіру ұрпаққа жүктелген міндет болып қала беретінін ескерсек, аталған форумның да мақсаты айқын.

Жастар форумына ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтағы департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Ягмусаев және өңірдегі өнерлі әрі белсенді жастар қатысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында ғана жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кетіп, құты қашады. 30 жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес» деген болатын. Расында да Қазақстанның жаңа табыстары мен болашақ жеңістері жер қойнауындағы пайдалы қазбаларында емес, жүрегі оттай лаулаған жалынды жастардың еншісінде. Отанына адал, сертіне берік, өз мүддесінен ел мүддесін биік қоя алатын, кәсіби жоғары шыңдалған жастар мемлекетіміздің стратегиялық қоры болып есептеледі. Жастардың бойына ізгі қасиеттер орнағанда ғана біз жарқын болашақтың бағытын баянды етеміз. Сол себепті бүгінгі ұйымдастырылып отырған форумның мақсаты – адалдық пен әділдікті бойына арқау еткен белсенді жастардың басын қосу әрі ұлықтау, – деді өз сөзінде Мира Қазбекова.

Басқарма басшысының сөзінше, облыста 3675 мемлекеттік қызметкер болса, оның ішінде 29 жасқа дейінгі 443 жас бар. Аталған жастар арасында қоғамдағы сыбайластық көріністеріне жол бермеу мақсатында ұдайы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ осы бір қоғамдық дерттің алдын алуда өңірдегі жастар арасында да 100-ге жуық түрлі кездесу ұйымдастырылып, сала мамандарымен бірлескен көптеген жоба іске асырылған.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет пен ішкі саясат басқармасының басшысы М.Қазбекованың «Алғыс хаты» өңірге белгілі бірнеше дарынды жастарға табысталды. Сондай-ақ департамент басшысының міндетін атқарушы Руслан Ягмусаев Тәуелсіздік мерекесімен аймақ жастарын құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Қазір елімізде агенттіктің жемқорлыққа қарсы күрестегі рөлі зор. Сонымен қатар, бізбен бірлесе жұмыс істеп, ақпарат айдынында жұмыстарды көрсетуде БАҚ өкілдерінің де рөлі ерекше. Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, сыбайластыққа төзбеушілік мәдениетін көтеру, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыратын құндылықтар жүйесін нығайту мақсатында ақпарат құралдары өкілдеріне байқау жариялағанбыз. Жеңімпаздарды құттықтай отырып, жемқорлықпен күресудегі әрбір азаматтың белсенділігі біз үшін өте маңызды екенін тағы да қайталағым келеді, – деген Руслан Ягмусаев жүлдегер журналистерді арнайы диплом және қаржылай сыйақымен марапаттады.

Айта кетсек, байқаудың ынталандыру жүлдесін Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Дүйсебаева, аймақтық «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Дәулет Сағит және «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев алды. Үшінші орын облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы, журналист Нұрбике Қазиқызына бұйырса, екінші орын жүлдесі «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Ержан Қожасовқа берілді. Ал шығармашылық байқаудың бірінші бәйгесін «Халық» газетінің тілшісі Рыскелді Жахман жеңіп алды.

Форум соңында сөз алған «Сыр үміті» жастар қауымдастығының атқарушы директоры Талғат Тілес «Арлылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Арлы кісі ұят, иба, намыс, қанағат, әдеп, шүкіршілік секілді бірқатар игі қасиеттерді бойына жинақтай білген мол парасат иесі» екендігін айтып, жастарды тура жолдан тайдырмауда алдыңғы буынның айрықша рөлі барын қозғап өтті.

– Ғасыр дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресте отбасындағы жас ұрпақ тәрбиесіне терең мән беріп, оларды тәрбиелеуде баба ұстанымдарын терең сіңіру маңызды екенін жеткізгім келеді. Біз «Сыр үміті» жастар қауымдастығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, превенция бағытында жұмыстар жүргізудеміз. Жастарды рухани байыту, білім мен ғылымға құштар және шығармашыл жастар мен жасөспірімдерді қолдау – қауымдастықтың негізгі мақсаттарының бірі. Күні кеше Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында «Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек» деп жазды. Бұл сөз әрбір қазақстандық жасқа терең ой салары сөзсіз. Елге адал қызмет ету – бізге парыз, перзенттік міндет, – деп сөзін түйіндеді ол.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<