Құлболды ишан

897

0

XVIII ғасырдың соңынан бастап XIX ғасырдың орта шеніне дейін Сырдарияның төменгі ағысы мен Ақмешіт төңірегінде ислам дінінің орнығуына қызмет етіп, имандылық нұрын таратушы ілімдарлардың  бірі Құлболды ишан туралы екі жарым ғасырдың қойнауынан бізге келіп жеткен әпсаналық тарихи деректер мен аңыздар желісінде жазылған ғұмырнамалық баян.

Бұл – «Құлболды ишан» деп аталатын жаңа кітаптың мазмұнына берілген қысқаша түсініктеме. Кітап авторы – белгілі қаламгер Қабдеш Шағырұлы. Ол бүгінде 10-нан аса кітап жинақтап шығарған.

Кітаптың кіріспесі «Хан ағашы» деп аталатын  туындыдан бастау алған екен. Онда әйгілі Құлболды ишанның шыққан тегі, білім алған ортасы, сондай-ақ, Сыр бойына ислам дінін таратудағы еңбегі жайлы баяндалады. Сонау кезеңде «Хан ағашы» деп аталған алақандай ауылдың тарихы жайлы ел аузындағы естеліктер желісімен   айтылады.

«…Төрт шәкірт Бұхарадағы Карши арқылы Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласына бара жатқан керуенге ілесіп, ауған жеріне табан тіреді. Ауғанстанның Түркіменстан жағындағы шекарасымен жүріп отырып, екі таудың арасындағы аңғарға орналасқан Карлухтағы Ислам Шайх ғұламаның мекеніне келіп жетті.» Осылай басталған әңгімені оқып отырып, «Ол төртеу кім болды екен?» деп  көңіліңізде қызығушылық оянатыны белгілі. Әрі қарай оқысақ, әңгіме былайша өрбиді:

«Туған жерге табан тіреген Марал ишан – Қармақшыдағы, Құлболды ишан – Ақмешіт маңындағы, Айқожа ишан – Жаңақорғандағы, ал Қосым ишан – Қазалы жеріндегі мұсылмандар арасында Пайғамбарымыздың асыл діні – исламға ұйытқы болады.»

– Еліміздің егемендігінің жариялануының бізге тиген бір шапағаты – Қажы Маһди (Диуана), Қожа Жаһан (Қожжан қожа), және Құлболды ишан бабаларымыз туралы әпсаналар мен аңыздар там-тұмдап болса да баспасөзде жариялана бастады. Содан бері ұлы бабаларым туралы деректер жинай бастадым. Отыз жылға жуық ойдан да кетпей, жадыдан да жоймай жүріп талай шежіре жинақтай отырып, бабаларға арнап сөзден ескерткіш соқпақ болдым. Бабаларымның аруағы қолдап, жиған қорымды соңғы алты-жеті жыл көлемінде қағазға түсіріп, міне, аяқтап шықтым. Алты тараудан тұратын шығармада Құлболды ишанның балалық шағынан бастап, Бұхара мен Ауғанстандағы білім алу кезеңі, туған еліндегі діни ағарту жұмыстары, Тұрсынбай датқамен тізе қоса отырып Қоқан хандығы қыспағынан елді аман сақтауы, кіші баласы Фазыл ишанның әке жолын жалғауы мен келіні Тоғжан сұлудың әулеттің қалыптасқан дәстүрін ілгерілетуі, ұрпақтары Акмал мен Икрам мақсұмдардың, оның балаларының қудалануы қамтылған, – дейді кітап авторы.

Кітаптағы «Ишан», «Құлболды ишан – Тұрсынбай датқа», «Арқа сапары», «Фазыл – Тоғжан», «Акмал және Икрам мақсұмдар» атты ел аузынан жазып алған деректі әңгімелер мен оннан астам зерттеу мақала Құлболды ишанның болмыс-бітімін, қадір-қасиетін, даналығы мен даралығын айқындай түседі.

Жалпы жаңа туындыда ел тарихымен ұштасып жатқан мәдени мұра, рухани құндылықты дәріптейтін сүбелі дүниелер орын алған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<